Accessibility links

Израиль әскері тұтқыннан тағы алты адам босатылғанын хабарлады


Газа секторында ХАМАС тобы кепілдікте ұстап отырған адамдардың тағы алтауы Қызыл Крест ұйымына тапсырылды, деп хабарлады 30 қарашада кешке Reuters агенттігі Израиль әскерінің дерегіне сүйене отырып. Палестиналық ХАМАС тобы ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым деп танылған.

30 қарашада сәл ертерек Израиль армиясы ХАМАС тұтқынында болған екі адам Қызыл Крест ұйымына берілгенін хабарлаған.

Израиль премьер-министрі кеңсесінің хабарлауынша, бейсенбі күні босатылғандар арасында 21 жастағы Миа Шем мен 40 жастағы Амит Суссана бар. Миа Шемнің Франция азаматтығы да бар.

Сәрсенбі күні кешке ХАМАС Израильмен атысты уақытша тоқтату туралы келісімге сәйкес, 16 адамды кепілдіктен босатқан, арасында екі Ресей және төрт Таиланд азаматы бар. Ал Израиль түрмеден 30 палестиналық тұтқынды – әйелдер мен жасөспірімдерді босатқан.

  • Газа секторында атысты тоқтату режимі 24 қарашадан бері күшінде. 30 қарашада таңертең тараптар оның мерзімін тағы бір күнге ұзартуға келіскен. Атысты тоқтату режимі осымен екінші рет ұзартылды. Әуел баста ол 4 күнге созылады деп келісілді.
  • Әскери қимылдағы үзіліс Израиль мен ХАМАС арасында тұтқын алмасу, палестиналықтарға гуманитарлық көмек жеткізу үшін қолданылады.
  • Израиль мұның үзіліс екенін, бітім еместігін және үзіліс аяқталған соң Израиль әскері Газа секторында ХАМАС-ты толық жоюға қайта кірісетінін әлденеше рет мәлімдеген.
  • 24 қарашадан бері ХАМАС 70 израильдік әйел мен баланы, сондай-ақ 20-дан астам шетелдікті босатты: олардың көпшілігі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен жұмыс іздеп келгендер. Шетелдіктерді босату жекелеген келісімдер аясында жүзеге асты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG