Accessibility links

Назарбаевтың баспасөз хатшысы бұрынғы президенттің кітабы жарыққа шыққанын хабарлады


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім" атты жаңа кітабын "Алматыкітап" дүкенінен сатып алып жатқан адам. Алматы, 1 желтоқсан, 2023 жыл
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім" атты жаңа кітабын "Алматыкітап" дүкенінен сатып алып жатқан адам. Алматы, 1 желтоқсан, 2023 жыл

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай 1 желтоқсанда X желісіндегі аккаунтында Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабы жарыққа шыққанын хабарлады.

Назарбаевтың ресми сайтында кітап "Меломан" және "Алматы Кітап" дүкендер желісіне түскені жазылған.

"Жеке сырын ағынан жарылып айтуы, Қаңтар оқиғасына қатысты пайымдауларын ортаға салуы тұңғыш президенттің бұл кітабының салмағын арттыра түседі" деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін Orda.kz сайы бұрынғы президент жаңа кітабында бейресми некеден туған екі ұлы жайлы алғаш рет айтады деп жазған. Ал бұрынғы президенттің Сара Назарбаевамен некесі қандай статуста екені белгісіз – ол ресми биографиясында Назарбаевтың әйелі деп көрсетілген.

Кітапта жекелеген бөлімдер Жаңаөзен оқиғасы, "билік транзиті" мен Қанды Қаңтар оқиғасына арналады деп айтылады. Orda сайты жариялаған кітап үзіндісінде автор тәртіпсіздіктерге "радикал оппозициясын" кінәлап, шетелде қуғында жүрген оппозиционер Мұхтар Әблязовты атап өтеді.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім" атты жаңа кітабы. Алматы, 1 желтоқсан, 2023 жыл
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім" атты жаңа кітабы. Алматы, 1 желтоқсан, 2023 жыл

Кітапта "Қазақгейт" деп аталып кеткен америкалық кәсіпкер Джеймс Гиффен мен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев төңірегіндегі жемқорлық дауы, Қазақстан режимін сынаушылардың жұмбақ өлімі жөнінде сөз бола ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Құқық қорғаушылар Назарбаевты "өзгеше ойлайтындарды" қыспаққа алып, билік өкілін асыра пайдаланды, демократияға қайшы процедуралар арқылы өкілетін ұзартты, саяси қарсыластарын шеттету үшін билік тетіктерін пайдаланды деп айыптаған.

Бұған қоса қазақстандық саясаткерлер, қоғам белсенділері мен бұрынғы шенеуніктер Назарбаевтың президенттігі тұсында үкімет шетелдік шикізат игеруші компаниялармен жасасқан келісімдердің Қазақстанның жер қойнауынан өндірілген өнімдер мен одан алынған табыс қалай бөлінетіні туралы шартын жариялауға үндеген. Билік ондай ақпаратты әлі күнге халықтан жасырын ұстап отыр.

  • 2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда болған жаппай наразылық соңы қантөгіске ұласып, кемі 238 адам қаза болған. Сол оқиғадан соң Нұрсұлтан Назарбаев ықпалын жоғалтып, оның туыстары қызметтерінен кеткен. Оның кей туыстары қылмыстық жауапқа тартылып, түрмеге қамалған. Қаңтардан кейін елде Назарбаевтың ықпалын әлсірететін бірқатар заңнамалық бастамалар көтерілді. Экс-президент "елбасы" мәртебесінен де айырылды. "Бірінші президент — Елбасы туралы" заң Назарбаевтың жеке басына ғана емес, оның жақын туыстарына да құқықтық иммунитет берген.
XS
SM
MD
LG