1 желтоқсанда Қырғызстанның бірнеше қаласында базардағы саудагерлер наразылық акциясына шықты. Олар касса аппараттарын енгізуден бас тартып, патент жүйесін қалдыруды талап етті.
Ош қаласындағы митингіге «Бостон», «Бексұлтан» және «Тешик-Таш» базарында істейтін жүзге жуық кәсіпкер жиналды. Олар наразылық акциясын Ош қалалық әкімдігі ғимаратының алдында өткізді.
Бішкектегі Аламедин ауданындағы саудагерлер де дәл осындай талаппен митинг ұйымдастырды. Олар биліктің «Дордой» және «Қара-Суу» базарларын ғана стратегиялық нысандарға қосу жөніндегі шешіміне наразы. Осындай тізімге енген базарлардағы саудагерлер касса аппараттарын, электронды салық есептерін қолданбайды.
БАҚ мәліметінше, Талас және Қаракөл қалаларындағы саудагерлер де касса аппараттарына қарсы митинг өткізген. Олар да патент жүйесін қалдыруды талап етіп отыр.
30 қарашада осындай наразылық акциялары Бішкектегі «Дордой» және «Орто-Сай» базарларында өткен. Саудагерлер жаңа салық режимі көптеген мәселе туындатты деп шағымданды. «Мадина» базарындағы саудагерлер биліктің салық саясатына қарсы ереуіл жариялады. Журналист Болот Теміров X желісінде кейбір наразылардың ұсталғанын хабарлады.
Қырғызстандағы базарларда осыған ұқсас наразылық акциялары жиі өтіп тұрады. Касса аппараттарын қолдануға қарсы митингтер 2022 жылы басталған. Сол жылы елде жаңа салық кодексі күшіне енген. Оған сәйкес, тауар және қызмет көрсетуші тұлғалар бақылау-касса аппараттарын пайдалануға міндетті. Ал 2023 жылдан бастап электронды тауар-көлік анықтамалары мен электронды есеп-фактураларын пайдалануы тиіс. Қырғызстан мемлекеттік салық қызметі бұған дейін 2024 жылдан бастап елде сауда қызметімен байланысты бірқатар патенттер жойылады деп мәлімдеген. Салық қызметі өкілдерінің түсіндіруінше, жаңа өзгерістер салық төлеу жүйесінде ашықтықты қамтамасыз етеді.