Accessibility links

Башимов ресейлік депутаттың Қазақстан жері туралы мәлімдемесіне жауап берді


Қазақстан парламентінің төменгі палатасының депутаты Марат Башимов ресейлік депутат Евгений Федоровтың Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты мәлімдемесіне жауап берді.

Осы апта ортасында Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров gazeta.ru сайтына берген сұхбатында Қазақстанның территориялық тұтастығына күмән келтіріп, Қазақстан жерін "толық құқықтық сипатта деп айтуға келмейді" деп мәлімдеген. Ол Петропавлда "тәуелсіздік" жариялап, сотталған "халық кеңесінің" мүшелерін сепаратистер емес деді.

30 қараша күнгі депутаттық сауалында мәжіліс депутаты Марат Башимов ресейлік депутаттың айтқандарын сынады.

"Мемлекеттік думаның кейбір депутаттарының Қазақстанға қатысты жағымсыз мәлімдемелеріне тағы куә болып отырмыз. Егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызға бағытталған жалған, арандату сипатындағы мәлімдемелерімен аты шыққан депутат Федоров тағы да жоқ жерден хайп жасауға кірісті" деді Марат Башимов 30 қараша күнгі депутаттық сауалында.

"Ақылы 13 жастағы баланың ақылындай мемлекеттік дума депутатының арандатушы мәлімдемесіне пікір айту қиын, бірақ тырысып көрейін. Федоровтың сандырағы тарихқа қайшы. Ол фактілерді бұрмалап, қасақана түрде СССР-дың қалай құлағаны жөнінде тіс жармады. Қазақстанға соңғы сапарында Ресей президенті Владимир Путин қазақ-орыс ынтымақтастығы өзара құрмет, егемендікті мойындау, территориялық тұтастық және ішкі істерге араласпау принциптеріне негізделеді деп мәлімдеген" деді Марат Башимов.

Мәжіліс депутаты заңгер ретінде Ресей заң шығарушы органы өкілінің бұлайша пікір беруі орынсыз деп санайды.

"Федоров және оған ұқсас адамдар барлық психологиялық жарақаттарын БАҚ пен парламентте емес, психиатрмен шешуі керек. Егемендік декларациясын жариялағаннан бері Қазақстан БҰҰ Жарғысын ұстанатын мықты және тәуелсіз мемлекет құрды. Негізгі халықаралық ұйымдарға мүше. Мемлекетіміз барлық көршілерімен шекарасын толығымен делимитациялады" деді депутат.

Ол ресейлік әріптестерін өте нәзік саяси тақырыптар жөнінде сөйлемес бұрын ойлануға кеңес берді. "Совет тарихы туралы естеліктеріңіз баяғыда тарих оқулықтарында ғана қалған" деді депутат.

Ресейлік саясаткерлер оқтын-оқтын Қазақстанға "аумақтық талап" қойып келеді. Әсіресе, Украинада соғыс басталғаннан кейін бірқатар ресейлік саясаткерлердің арандату сипатындағы мәлімдемелері жиілеген, кейбір қазақстандықтар мұны республиканың территориялық тұтастығына қол сұғу деп бағалаған.

Қазақстан мен Ресей шекарасының ұзындығы – 7598,8 шақырым. Бұл – әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекара.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG