Accessibility links

"Жыланбаевтың үкімі Қазақстанда саяси өзгерістердің жоқтығын көрсетті" - Халықаралық құқық қорғау ұйымдары


Жеті жылға сотталған белсенді, марафоншы Марат Жыланбаев
Жеті жылға сотталған белсенді, марафоншы Марат Жыланбаев

Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықтар бойынша халықаралық бюро Астананы белсенді Марат Жыланбаевты дереу қамаудан босатуға шақырды. Екі ұйымның біріккен мәлімдемесінде оппозициялық белсенді, марафоншы Марат Жыланбаевқа шыққан үкім "Қазақстан билігінің демократиялық реформалар жасауға құлықсыз екенін көрсетті" дейді.

"Қатаң сот үкімі Жыланбаевтың бейбіт оппозициялық әрекетіне кек қайтару және билікті сынап жүргендерге ескерту ретінде ойластырылған деп санаймыз. Біз билікті Жыланбаевты дереу босатуға шақырамыз" деп жазылған мәлімдемеде.

Сот "Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты 7 жыл түрмеге кескен. Азаматтық белсендіге "экстремистік ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыптар тағылған. Жыланбаев пен жақтастары істің саяси астары бар деген.

IPHR пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Жыланбаев Конституциядағы ойын еркін айту, бейбіт түрде жиналу құқықтары үшін жауапқа тартылғанын, оның ісінде ешқандай "экстремизм белгілер" жоғын айтады.

"Жыланбаевқа тағылған "экстремистік айыпта" салмақты негіз болмағаны оны оппозициялық әрекеті мен билікті сынағаны үшін соттағанын көрсетеді" дейді ұйымдар.

Екі ұйым Жыланбаевтың сотының жабық болғанын, құқық қорғаушылардың бақылауына мүмкіндік берілмегенін де сынға алған.

IPHR пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Қазақстан билігін өздері жариялаған демократиялық реформаларға мән беруге, бейбіт оппозициялық қозғалыстар мен белсенділерді қудаламауға, Жыланбаевты және түрмеге әділетсіз қамалған белсенділерді босатуға шақырады.

Қазақстан билігі марафоншы Марат Жыланбаев шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, ҚДТ қозғалысының лидері Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп санайды.

Астана Әблязовтың ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG