Accessibility links

Өзбекстанда билікті сынаған блогер "бопсалау" және "жала жабу" ісі бойынша 8 жылға сотталды


Олимжон Хайдаров
Олимжон Хайдаров

Өзбекстанның Ферғана аудандық соты әлеуметтік желіде билікті сынайтын жазбаларымен танылған блогер Олимжон Хайдаровты 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде Азаттықтың Өзбек қызметі жазды.

Сот Хайдаровты "ірі көлемде ақша бопсалау", "жала жабу" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сот блогердің әлеуметтік желілердегі парақшаларын бұғаттауды да бұйырды.

Бұған дейін прокурор Хайдаровқа 9,5 жыл түрме жазасын сұраған.

Айыптау тарабының болжамынша, блогер сауда кешендерінің бірінде арнайы техниканың өтуіне жағдай жасау үшін сауда орындарын қысқартқаны туралы сыни материал әзірлеген. Тергеу органдарының айтуынша, одан кейін блогер кешен басшыларына барып, материалдарды жарияласа, "құқық қорғау органдары тексереді деп қорқытқан".

Ферғана облысы ішкі істер басқармасының мәліметінше, Хайдаров "кешен басшыларын бопсалап, 10 мың доллар талап еткен". Тергеушілердің айтуынша, ер адам 7,5 мың доллар алған-мыс және қалғанын алар кезде күштік органдардың қолына түскен.

Аты-жөнін айтпаған Хайдаровтың адвокаттарының бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне блогерге "негізсіз айып" тағылып отырғанын, айыптаулардың бірде-бірі тергеу кезінде дәлелденбегенін және ер адам кәсіби қызметіне бола қудаланып отырғанын айтты.

Олимжон Хайдаров әлеуметтік желіде жариялаған мәлімдемелерінің бірінде өзін "саяси тұтқын" деп атаған. Блогер өзінің қамалуын кәсіби қызметімен байланыстырған. Ол бұған дейін жемқорлық жайттарын әшкерелегенінде атап өткен

2022 жылы желтоқсанда Ферғана облыстық соты аймақтағы газ және электр тапшылығы жөнінде айтқан Хайдаровқа 21 миллион сум (1863 доллар) көлемінде айыппұл салған. Оны "митинг өткізу тәртібін бұзды" және "жалған ақпарат таратты" деп айыптады.

Өзбекстанда билікті сынаған жергілікті журналистер мен блогерлер "бопсалау", "алаяқтық", "жала жабу" баптары бойынша жиі қудаланады.

Қыркүйекте Ташкент соты "бопсалау ісі" бойынша жұмыспен қамту және еңбек қатынасы министрлігінің бұрынғы баспасөз хатшысы Мавжуд Мырзаеваның бостандығын бес жылға шектеген. Оны Kompromatuzb телеграм-арнасында "сыни материалдар шығарамын деп қорқытып, ақша бопсалаумен айналысты" деп айыптады. 2018 жылы "Өзбекстан 24" арнасында жүргізуші болып істеген Мырзаева биліктің цензурасы туралы айтқан.
XS
SM
MD
LG