Американың "Карни" эсминеці (USS Carney) мен бірнеше азаматтық кемелеріне жексенбі күні Қызыл теңізде шабуыл жасалған. Бұл туралы мәлімдеген АҚШ қорғаныс министрлігі егжей-тегжейін айтпаған. .
ABC News телекомпаниясы АҚШ әкімшілігіндегі мәлімет көздеріне сүйеніп, "Карин" кемі екі дронды атып құлатқанын хабарлады.
Британияның теңіздегі сауда агенттігі де жексенбі күні Қызыл теңіз бен Үнді мұхитын жалғастыратын Баб-эль-Мандеб бұғазында тұрған британ кемесіне дрон шабуылдағанын мәлімдеді. Бұл бұғаз арқылы Үндістан мен Парсы шығанағы елдерінің жүктерін таситын кеме өтеді, әрі қарай Суэц каналы арқылы Еуропаға шығады.
Йеменнің жерінің бір бөлігін бақылап отырған, хуситтер деген атпен белгілі "Ансар Алла" ираншыл тобы кейінірек Израильдің Қызыл теңіздегі екі кемесіне шабуыл жасағанын мәлімдеді. Біреуін баллистакалық зымыранмен атқан, екіншісіне дрон жіберген. Бірақ "Карни" эсминеці туралы сөз жоқ.
Хуситтер бұған дейін Қызыл теңіз бен Баб-эль-Мандеб бұғазындағы Израиль мен оған одақтас мемлекеттердің кемелеріне шабуыл жасайтынын мәлімдеген.
Әзірге қандай кемелерге шабуыл жасалғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Reuters агенттігінің жазуынша, Британияның екі жүк кемесіне зақым келген.
Қараша айында хуситтер Израиль бизнесменінің Қызыл теңіздегі сауда кемесін басып алған. Олар Израильді баллистикалық зымыранмен де атқылаған, бірақ онысын әуе қорғанысы атып түсірген. Зымыранды құлатуға "Карни" эсминеці де қатысқан.
ПІКІРЛЕР