Accessibility links

Шыңжаңда қамалғандардың туыстарын Алматыдағы Қытай консулдығына өткізбеді


Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүрген бір топ адам және Халида Ахытхан (ортада), Байболат Күнболатұлы (сол жақта) Қытай консулдығы алдында тұр. Алматы, 4 желтоқсан 2023 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүрген бір топ адам және Халида Ахытхан (ортада), Байболат Күнболатұлы (сол жақта) Қытай консулдығы алдында тұр. Алматы, 4 желтоқсан 2023 жыл.

4 желтоқсанда бес адам Қытай түрмелеріндегі туыстарын босатуды талап етіп, Алматыдағы Қытай консулдығының алдына барды. Наразылар бұлай наразылық білдіріп жүргеніне бүгін мың күн болғанын айтады.

Алайда жиналғандарды полиция бұл жолы да консулдық алдына жолатпады. Полиция "жол бойында тұруға болмайды" деп оларды Қытай консулдығы орналасқан көшеден қуды. Жиналғандарға Қытай консулдығынан ешкім шықпады.

- Бауырымды босатуын талап етуге келдім. Қытай үкіметі бауырымды 2018 жылдан бері жазықсыз қамап отыр. Таққан айыбы – 2012 жылы "әлеуметтік желіде ұлт араздықты қоздыратын мақала" жазған. Сол үшін әуелі 1,5 жыл лагерьге, кейін 10 жылға түрмеге қамады. Ол кезде інім Қазақстанда оқуда жүрген, нағыз кінәсі болса, сол кезде соттар еді ғой. Менің інім де Қытайдың аз ұлттарға жасаған геноцидінің құрбаны болып отыр, - деді Байболат Күнболатұлы Азаттыққа.

Байболат Күнболатұлының айтуынша, олар Қазақстан билігінен, елдің бұрынғы да, қазіргі де президентінен туыстарын босатуға көмек сұраған. Алайда елдің сыртқы істер министрлігі "Қытаймен келіссөз жүргізіп жатырмыз, сұрау салып жатырмыз" деп жауап берген. Бірақ бес жылдан бері еш нәтиже шықпаған.

Халида Ахытхан да екі ұлы 22 жылға, үшінші ұлы 10 жылға бас бостандығынан айырылғанын айтады. Ол ұлдарының жазықсыз қамалғанын айтады.

Қазақстан азаматтығын алған Халида Ахытхан Қытай паспортын елшілікке кіріп, тапсыра алмай жүр. Оның сөзінше, "сен наразылыққа қатысқансың" деп, елшілік оған қызмет көрсетуден бас тартқан. Ахытханның бұл сөзін растау мүмкін болмады.

Шыңжаңдағы жақындарына араша түсіп жүргендер Алматыдағы Қытай консулдығына келіп жүргеніне үш жылға жуықтады. Олар талап айтып, Астанадағы Қытай елшілігіне де барған. Қазақстан полициясы туысына араша түсіп жүргендерді бірнеше рет "бейбіт жиын өткізу заңын бұзды" деп айыппұл салған. Байболат Күнболатұлы 15 күнге қамалып та шыққан.

  • БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылманды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді жаттатқызып, қытай тілін оқытқан.
  • Зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халық санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер ол жерде сақшылар зорлағанын, ал ер адамдар қамауда азапталғанын айтқан. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптады.
  • Қытай саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" деп, ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды. Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін Шыңжаңға кіргізуден бас тартқан Пекин мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
  • Лагерьде болғандардың көбі мұнда діни ұстанымдары үшін, намаз оқып, құран сақтағандары үшін қамалғандарын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG