Accessibility links

"Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтуді қарастырамыз" - Ерлан Қошанов


Алматыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралардың бірі.
Алматыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралардың бірі.

Қазақстан мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтіп, қылмыстық жауапкершілікке тартуды қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол 4 желтоқсанда Астанада өткен Орталық Азия елдері әйелдері диалогының халықаралық конференциясында айтты.

— Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жауапкершілік күшейтілді. Біз арыз жазғанда ғана тексермей, өзіміз анықтай бастадық. Қазір біз, депутаттар, келесі қадамға өттік. Бірінші кезекте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қылмыстық жауапкершілік тарту жағын қарастырмақпыз. Егер заң қабылданса, денсаулыққа орташа және ауыр зардап тигізу жағдайына тек бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Ал бас бостандығын шектеу жазасы алынып тасталады, - деді Қошанов.

Мәжіліс төрағасының сөзін "Қазинформ" агенттігі жариялады.

1 шілдеде Қазақстанда полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін "анықтау" әдісіне көшкен. Яғни, орган өкілдері куәгерлердің сөзі мен видеокамерадағы жазбалар бойынша зорлық фактілеріне назар аударуды бастады. Бұрын полицейлер мұндай жағдайларды тек арыз-шағымнан соң тексеретін.

2017 жылы Қазақстан "Ұрып соғу" және "Денсаулыққа жеңіл зақым келтіру" баптарын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырған. Қазір Қылмыстық кодекске сай, "денсаулыққа орташа я ауыр зардап тигізу" ауруханада кемі 21 күн жатумен есептеледі. Ал заңгер Халида Әжіғұлова "Власть" сайтына берген сұхбатында "үйінде кішкентай баласы болса әйелдердің көбі гипспен болса да, үйіне баруға асығады. Әйел ауруханадан шыққан бетте 21 күндік мерзім тоқтайды" дейді.

Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту мәселесі қайта талқылана бастады. Нүкенованың қазасына оның күйеуі, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев күдікті ретінде қамауға алынған.

Белсенділер мен құқық қорғаушылар тұрмыстық-зорлық зомбылықты "фемицид" деп танып, қылмыстық жаза тағайындауды талап етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG