Дүйсенбі, 4 желтоқсанда Қазан қаласының Совет аудандық соты Азаттық радиосы Татар-Башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашеваға "қос азаматтығын хабарламағаны үшін" қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы инстанциядағы сот шешімін заңды деп есептеді. Мұны Idel.Реалии хабарлады.
Бұған дейін сот оған 10 мың рубль айыппұл салған.
Журналист адвокаты азаматтығын хабарлау туралы талап Алсу Құрмашеваға жүрмейтінін, өйткені ол 1998 жылдан бері Ресейден тыс жерде тұрақты тұратынын алға тартып, апелляциялық шағым түсірген. Аудандық сот онымен келіспей, алғашқы инстанциядағы сот шешімі күшіне енді.
Құрмашева қазір "шетел агенті" деп аталатын қылмыстық іс бойынша уақытша қамау орнында отыр.
Журналисте АҚШ пен Ресей азаматтығы бар. Қамауға алынғанға дейін Прагада отбасымен тұрып келген. Екінші маусымда оны Қазаннан үйіне ұшқалы тұрғанда әуежайда тұтқындаған. Америка паспортын да, Ресей паспортын да алып, екінші азаматтығын хабарламағаны үшін қылмыстық іс қозғаған. Алсудан ешқайда кетпейтіні туралы қолхат алған. Тергеу бірнеше айға созылып, 11 қазанда 10 рубль айыппұл салған.
Бір аптадан соң журналисті қайтадан тоқтатып, уақытша қамау орнына қамаған. Оған "өзін шетел агенттері реестріне қосу туралы өтініш түсірмеді" деген айып таққан. Өткен жұмада сот оны қамау мерзімін 2024 жылдың 5 ақпанына дейін ұзартқан.
"Сасяси тұтқындарды қолдау. Мемориал" құқық қорғау жобасы Алсу Құрмашеваны саяси тұтқын деп атаған.
- Журналистің қамалғанына Канада, Чехия, Франция, Швеция үкіметтері және Еуропа одағының шетел істері мен қауіпсіздік саясаты бойынша Жоғарғы өкілі, Еуропа парламентінің президенті, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы алаңдаушылық білдірген. Еуропа кеңесінің журналистиканы қорғау және журналистер қауіпсіздігі платформасы Алсуды босатуға шақырған.
- Адам құқығы мен сөз еркіндігі халықаралық ұйымдары Құрмашева саяси себептермен қамауға алынып отыр деп, дереу босатуға шақырған. Оның ішінде Amnesty International, Журналистерді қорғау комитеті, Freedom House, ПЕН-Америка, Шекарасыз репортерлер, Журналистердің халықаралық федерациясы мен Халықаралық баспасөз институты бар.
ПІКІРЛЕР