Биыл күзде Ресей әскерінен қашып кету үшін көмек сұрайтындар жаздағыдан 89%-ға көбейген. Бұл мәліметті Украинадағы соғыстан қашқан ресейліктерге көмектесетін "Идите лесом" ұйымы жариялаған деп хабарлайды The Moscow Times. Әскерден қашқандардың көбейгенін "Гражданин. Армия. Право" құқық қорғау тобының директоры Сергей Кривенко да атап өткен.
Әскери қызметкерлердің өз бөлімдерінен қашып шығуын ұйымдастырумен айналысатын "Идите лесом" ұйымына жаздағыға қарағанда екі есе көп өтініш түскен. Маусым-тамыз айларында 305 өтініш түссе, күзгі үш айда 577 адам өтініш берген. 2023 жылдың сәуір айынан бері бұл ұйымның заңгерлері мен еріктілері әскерден қашқысы келетін мыңнан аса әскери қызметкерге кеңес берген.
"Идите лесом" жобасының басшысы Григорий Свердлиннің сөзінше, әскери қызметкерлердің көбі жараланып, госпитальге түскен соң қашуға бел буған.
Қашқындардың бірі The Moscow Times журналисімен әңгіме кезінде екінші рет ауыр жараланып, демалысқа шыққан соң қашуға бекінгенін айтқан. Құқық қорғаушылар оның Ресейден шығып кетуіне көмектескен.
"Гражданин.Армия.Право" құқық қорғау тобының басшысы Сергей Кривенко әскери қызметкерлер ротация жоқтығын, тіпті ауыр жараланғандардың өзін госпиатльден кейін қайтадан майданға жіберіп жатқанын көріп отыр деген.
Кривенконың сөзінше, қашуға бекінгендер көп емес, өйткені қашқандарды ұстап алып гауптвахтаға қамап, содан соң қайтадан майданға жібереді, көбіне сотқа жетпейді.
Свердлиннің айтуына қарағанда, кейде еріктілер адамдардың майданға жақын аймақтан қашып шығуына көмектеседі, бірақ ол өте сирек. Майдандағылардың байланыс құралы жоқ, тіпті құжаты жоқ кездері де жиі кездеседі. Командирлер жауынгерлердің паспортын алып қойып, демалысқа шыққанда немесе госпитальге түскенде ғана береді.
Адвокат Максим Гребенюк әскерден қашқандар көбіне шартты жазаға тартылатынын, бірақ ол әскерден құтқармайтынын айтады. Оларды алғы шепке жібереді.
"Медиазона" мәліметіне қарағанда, былтыр күзде Ресейде мобилизация басталғалы бері әскери сотқа қызметін өз бетімен тастап кеткені туралы төрт мыңнан астам іс түскен, 3470 іс бойынша үкім шыққан, көпшілігіне шартты жаза берілген.
ПІКІРЛЕР