Ресей Украинаға соғыс ашқалы барлығы 333 840 әскериінен айырылды деп мәлімдеді Украинаның қарулы күштерінің бас штабы. Украина тарабы Ресей 4 желтоқсанның өзінде 1030 солдатынан жоғалтты деп отыр. Бұл дерекке қаза тапқандар мен жараланғандар да енуі мүмкін.
Бұған қоса Украина қарулы күштері 2022 жылдың 24 ақпанынан бері Ресей 5587 танкісінен, 10416 құрыш сауытты көлігінен, 7987 артиллериялық жүйесінен, 605 ракетаға қарсы құрылғысынан, 323 ұшақ, 324 тікұшақ, 10483 автомашинадан және 22 кеме/катерінен, бір су асты қайығын жоғалтты дейді.
Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
Киевтің бұл дерегіне қатысты Ресей қорғаныс министрлігі ешқандай мәлімдеме жасамады. Соғыс басталғалы Ресей мен Украина майдандағы шығындары жайлы ресми деректер бере бермейді. Мәскеу бір жыл бұрын 5937 солдатынан айырылғанын айтқан, одан кейін мұндай дерек жарияламады. Ал Киев шығынын соғыс аяқталған соң жариялайтынын мәлімдеген.
27 қарашада Британия барлаушылары "кейінгі алты аптада Ресей ең көп шығынға ұшырауы мүмкін. Бұған Ресейдің Авдеевкаға шабуылы себеп болды" деп мәлімдеген.
Америкалық The New York Times газеті тамызда АҚШ билігіндегі дереккөзіне сілтеме жасап, Украинадағы соғыстың бір жарым жылында екі тараптан 500 мың әскери қаза тапты я жараланды деп жазған еді.
ПІКІРЛЕР