Accessibility links

Әділет министрлігі зорлыққа қарсы 150 мың адам қол қойған петицияның "заңдық күші жоқ" дейді


Алматыда биыл наурызда өткен әйелдер маршы.
Алматыда биыл наурызда өткен әйелдер маршы.

Қазақстан әділет министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 150 мың қол жинаған петицияны қараудан бас тартты. Министрлік "бұл петиция 2021 жылы, яғни елде петиция туралы заң қабылданбай тұрғанда, ашылған" деп санайды. Ведомство өкілі зорлыққа қарсы бұл петицияның заңдық күші жоқ деп мәлімдеді.

"Маған белгілісі, бұл петиция 2021 жылы ашылған, ал қазір оған көп адам қол қойып жатыр. Демек бұл петиция елде тиісті заң күшіне енбей тұрып шыққан" деді әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова.

Бұл мәлімдеменің видеосын Ulysmedia сайты жариялады.

Мұқанова елде петицияға арналған платформа дайын болғанын, қазір заңдастыру процедурасы жүріп жатқанын айтты.

Салтанат Нүкенованың қазасынан соң елде тұрмыстық зорлыққа қарсы жазаны күшейту талабы қайта айтыла бастаған еді. 2021 жылы жарияланған онлайн петицияға да қол қойғандар күрт артқан. Қазірге дейін бұл петицияға 150 мыңнан аса адам қол қойған. Нүкенованың қазасына байланысты оның күйеуі, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев қамауға алынған.

Қазақстанда қабылданған жаңа заңға сай, 50 мыңнан аса дауыс жинаған петицияны үкімет қарауға тиіс.

Заңда петиция тапсыру мен оны қарау тәртібі көрсетілген. Қазақстан азаматтары петицияны арнайы интернет-портал арқылы бере алады. Оның заңға сәйкестігін өкілетті орган анықтайды.

Алайда жаңа заң бойынша азаматтар әкімдер мен министрлерді петиция арқылы қызметінен кетіре алмайды. Басқару формасын, әкімшілік-аумақтық құрылысты, ел шекарасын, сот шешімін, рақымшылықты, ұлттық қауіпсіздік мәселелерін өзгерту үшін петиция жариялауға рұқсат болмайды. Сарапшылар билік заңға өзгеріс енгізу арқылы петицияны да бақылауға алды деп алаңдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG