Accessibility links

Зеленский АҚШ сенатының жиынына қатысудан бас тартты


Укриана президенті Владимир Зеленский
Укриана президенті Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ сенаторларымен онлайн-брифингтен бас тартты. Бұл жөнінде CNN телеарнасы хабарлады.

CNN тілшісі Джим Шуттоның жазуынша, сенаттағы демократтардың жетекшісі Чак Шумер "Украина президенті Владимир Зеленский құпия брифингте соңғы сәтте пайда болған сұраққа байланысты қатыспайды" деп мәлімдеген. Оның жазуынша, Зеленский өкілдер палатасының брифингісіне де қатыспайды. Тілші жай-жапсарын жазбады.

Бұған дейін батыс ақпарат құралдары сенат жетекшісі Чак Шумерге сүйене отырып, Украина президенті құпия брифингте сенаторларға мәлімдеме жасайтынын жазған. Ақпаратқа қарағанда, Украина жетекшісі соғыстың барысы мен әскери көмек қажеттігі жөнінде айтуы тиіс болған.

АҚШ конгресі бір айдан астам уақыттан бері Украинаға қосымша көмекті мақұлдай алмай келеді.

Қазан айында АҚШ президенті Джо Байден Украинаға 61,4 миллиард, Израильге 14,3 миллиард көмек бөлуді конгресстен сұраған. Бірақ конгресс әлі күнге қолдамаған. АҚШ осы мәселеге байланысты Украинаға көмек азайғанын мойындаған. Мұны Азаттықтың Украин редакциясы хабарлады.

4 желтоқсанда Ақ үйдің бюджет басқармасының директоры Шаланда Янг өкілдер палатасының спикері Майк Джонсонға хат жіберіп, АҚШ әкімшілігінде жыл соңында Украинаға қару мен техника жіберетін қаржы қалмайтынын хабарлаған.

Янгтың айтуынша, конгресс мақұлдауынсыз Киевке жаңа көмек беру мүмкін емес және соның салдарынан Украинаның Ресей әскеріне төтеп беру мүмкіндігі азая түседі.

Fox News арнасының хабарлауынша, Джонсон АҚШ президенті Джо Байденге хат жазып, Украинаға көмек көші-қон саласындағы реформа мен шекара қауіпсіздігі туралы заңдарға тәуелді деп айтқан.

Украина перзиденті әкімшілігі оқиғаға түсініктеме бермеді.

XS
SM
MD
LG