Accessibility links

Финляндияда Ресейге тыйым салынған тауар тасымалдау бойынша іс қозғалды. Онда Қазақстан да аталады


Дрон.
Дрон.

Финляндияның кеден қызметі санкцияны айналып өтіп, Ресейге құны шамамен 3 млн еуро болатын 3,5 мың дрон және өзге де электроника және екі мақсатта пайдаланылатын тауарларды тасымалдады деген күдікке ілінген екі фин компаниясына қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Бұл жөнінде хабарлама ведомствоның сайтында жарияланды.

Тергеу органдарының болжамынша, күдікке ілінген екі компанияның бірі Ресейге тыйым салынған жабдықтарды кемінде 30 рет тасымалдаған. Бұған қоса, осы компания құны 2 млн еуро 3,5 мың дронды да экспорттаған.

Қағаз жүзінде бұл тауарлар өзге елдерге, оның ішінде Қазақстанға экспортталады деп көрсетілген. Ал іс жүзінде тауарлар Ресейде қалған. Финляндия кеден қызметінің сайтында Қазақстанның аты аталғанмен нақты компаниялар аталмайды. Финляндия кеден қызметі екі компанияның тасымалдауымен бір адам айналысқан деп топшылайды. Болжам бойынша, компанияның бірі тауар сатып алып, екіншісі оларды Ресейге жөнелтіп отырған.

Іс бойынша алты күдікті бар. Бірі 2023 жылы қыркүйекте қамалған.

"Алдын ала тергеу нәтижесіне қарағанда, компания Ресейден басқарылған деген болжам бар. Операция барысында халықаралық компаниялар желісі құрылған, сол арқылы компания қаржыландырылған" деді Финляндия кеден өкілі Ханну Синкконен.

6 желтоқсанда Азаттық тілшісі Қазақстан қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитетінің баспасөз хатшысы Айнұр Сартаеваға хабарласты. Комитет өкілі ақпарат жөнінде басшылықтан сұрайтынын айтты. Жаңалық шыққанға дейін мемлекеттік кіріс комитетінен жауап түскен жоқ.

Осыған дейін шетелдік басылымдар, Азаттық радиосы да арнайы зерттеу жүргізіп, қос мақсатта пайдаланатын тауарлардың Қазақстан арқылы Ресейге экспорты күрт өскенін анықтаған. Еуропа одағы санкция салынған тауарлар Қазақстан арқылы Ресейге өтіп, Мәскеу бұл тауарларды қару жасауға пайдаланып жатыр деп мәлімдеген.

Еуропа одағының Ресейге қарсы санкциясының 12-пакетінде қазақстандық Aspan Arba мен Da Group 22 және өзбекстандық Mvizion компаниялары бар екені хабарланған.

Aspan Arba шетелден дрон сатып алып, оларды ресейлік Sky Mechanics атымен белгілі Skymec компаниясына жіберіп отырған. Skymec өз кезегінде тауарды Ресейдің қорғаныс саласымен байланысты компанияларға сатқан. Ал Da Group 22 былтыр Қазақстаннан мыңдаған микрочипті Ресейге экспорттағаны айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG