Accessibility links

Бас прокуратура: "Олимп ісі" бойынша тағы бір күдікті Қазақстанға экстрадицияланды


Бас прокуратура ғимараты.
Бас прокуратура ғимараты.

Бас прокуратура 6 желтоқсанда "Олимп ісі" бойынша Қазақстанға тағы бір күдікті экстрадицияланғанын хабарлады.

Бас прокуратураның хабарлауынша, 18 қарашада "OLIMP KZ" букмекерлік кеңсеcінің қызметімен байланысты істегі күдікті Германиядан Қазақстанға экстрадицияланған.

"Бүгін бас прокуратура, қаржы мониторинг агенттігі және ІІМ-нің "Интерпол" қызметкерлері сыртқы істер министрлігінің көмегімен оның сыбайласын Сербиядан экстрадициялады" деп жазылған ведомство хабарламасында.

Күдікті Астана тергеу изоляторына қамалған.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, осы іс бойынша үш жыл бұрын 61 жастағы Ирина Давыдоваға іздеу жарияланған.

Бас прокуратураның хабарлауынша, эстрадицияланған күдіктілер 2014-2019 жылдары "қылмыстық топ мүшесі ретінде заңсыз құмар ойындарын өткізуге, салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарған", "қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыруға қатысы бар" деген күдікке ілінген. Соның салдарынан мемлекетке келтірілген шығын 86 млрд теңге деп айтылған. Күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланған.

Егер олардың кінәсі дәлелденсе, мүліктері тәркіленіп, 3-10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ақпаратқа қарағанда, "Олимп ісі" бойынша 12 адамға іздеу жарияланған. Арасында Анарбек Жауыров, Дмитрий Давыдов бар деп айтылады. 2021 жылы "Олимптің" кейбір қызметкерлері "қылмыстық топтың ісіне араласты", "салықтан жалтарды" деген айыппен 5,5 - 8,5 жыл аралығында түрмеге кесілді.

Оларға ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, жетекшілік етті, қылмыстық топ букмекерлік кеңсе деп заңсыз ойынхана бизнесімен айналысқан, салық төлеуден жалтарған, қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастырған деген айыптар тағылды.

XS
SM
MD
LG