Accessibility links

ЮНЕСКО мәдени мұралар тізіміне тәжік тоқыма өнері мен түркіменнің ақалтеке баптау дәстүрі енді


ЮНЕСКО материалдық емес мәдени мұра тізіміне тәжіктің атлас пен адрас тоқу өнері мен түркіменнің ақалтеке жылқыларын баптау дәстүрін қосты. Ұйымның материалдық емес мәдени мұралар жөніндегі мемлекетаралық комитеті 18-сессиясында осындай шешім қабылдады.

Жібек атлас және жібек пен мақтадан жасалатын адрас – табиғи өнімдерден дайындалатын маталар. Оларды әзірлеу көп еңбекті қажет етеді. Мата қымбат тұрады. Атлас пен адрас дайындау құпиясы ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа таралып, осы күнге жеткен. Тәжікстанда адрас пен атлас фестивальдері жиі өтіп тұрады.

Ақалтеке жылқысы қазіргі Түркіменстан аумағынан шыққан. 2018 жылдан бері бұл елде ақалтеке сәйгүлігі күні ұлттық мереке ретінде атап өтіледі. Ол сәуірдің соңғы жексенбісінде тойланады.

Түркіменстанда жылқының құқықтары мен мүмкіндіктері заңмен бекітілген. Жылқы паспорты да бар. Сәйгүлік өлгеннен кейін оны мемлекеттік жылқы зиратына жерлейді. Мемлекеттік тіркеуге алынған сәйгүлік өлген кезде оны ақтық сапарға шенеуніктер шығарып салады. Заңда солай жазылған.

Мұның алдында ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне хорезмдік лязги биі, өзбек палауы, түркімен кілем тоқу өнері, сонымен бірге қырғыз қалпағы енген. 2014 жылы домбырамен күй тарту мен киіз үй жасау өнері – ЮНЕСКО-ның маериалдық емес мәдени мұралар тізіміне Қазақстанның атынан енген.

XS
SM
MD
LG