Accessibility links

Астанада прокурор белсенді Асқар Сембайға жеті жыл түрме жазасын сұрағаны хабарланды


Асқар Сембай
Асқар Сембай

Астанада белсенді Асқар Сембайқа қозғалған қылмыстық іс бойынша сотта жарыссөз өтіп, прокурор айыпталушыға жеті жыл түрме жазасын сұрады.

Асқар Сембай Астана "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының "жұмысына араласты" деп айыпталған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

Белсенді Астанада 13 мамырда ұсталып, содан бері қамауда отыр. Veritas құқық қорғау тобының дерегінше, Сембайдың үстінен қылмыстық іс қозғауға оппозиционер Мұхтар Әблязов шақырған митингілерге қатысуы, ҚДТ бағдарламасына қатысты постар жариялауы, ҚДТ жақтастарының телеграмда тобын құрғаны себеп болған. Сембайдың жақтастары бұл істің саяси астары бар деп санайды.

Бұрын ішкі істер органында жұмыс істеген Асқар Сембай 2019 жылдан бері елдегі бейбіт митингілерге қатысып жүр. Бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Биыл шілдеде құқық қорғаушылар Асқар Сембайды "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Бүгін, 6 желтоқсанда интернетте тараған видеода белсендінің жақтастары прокурор "өте үлкен жаза сұрағанын" айтады. Сотқа келгендер "Масқара" деп айғайлағаны да естіледі. Белсенді Мұратбек Төлегеннің сөзінше, үкім 15 желтоқсанға белгіленген.

"Белсенділерді 15-16 желтоқсан аңдитынын біледі билік, енді сотқа қалай келеміз" деп жазды ол желіде.

Қарашаның соңында "Ашық диалог" халықаралық қоры мен қазақстандық жеті құқық қорғау тобы Батыс елдеріне қайырылып, Қазақстан билігі "экстремизм және терроризм заңын билік сыншылары мен құқық қорғаушыларға қарсы қолданып жатқанын" мәлімдеген. Олар Қазақстанда оппозиция бірден "экстремизмге" теңестірілетінін айтқан.

Ресми Астана елдегі заңдар мен биліктің саясаты адам құқығы жөніндегі халықаралық келісімдерге сай келеді, елде саяси тұтқындар жоқ дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG