Accessibility links

Астанада "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының мүшелері ұсталды


Құқық қорғаушы Айдар Сыздықов. Сурет #NotExtremists телеграм-арнасында жарияланды.
Құқық қорғаушы Айдар Сыздықов. Сурет #NotExtremists телеграм-арнасында жарияланды.

6 желтоқсанда кешке Астанада полиция қызметкерлері "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының ұйымдастыру комитетінің мүшелері Әсет Әбішев, Сергей Измайлов және құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты ұстады. Бұл жөнінде "БелсенділерЭкстремистЕмес" телеграм-арнасы хабарлады.

Телеграм-арна сәрсенбі күні түнде ұсталғандар Байқоңыр аудандық полиция басқармасында екенін хабарлады.

Полиция ұстау кезінде дөрекі күш қолданғаны хабарланды.

Видеода Әсет Әбішевтің қолы кісендеулі күйлі тұрғаны көрінеді. Ақпаратқа қарағанда, Айдар Сыздықов та соққыға жығылып, оның күртешесі жыртылған.

"Олар мені ұрып-соқты" дейді видеода Сыздықов. Оның сөзінше, полицейлер телефонын да тартып алған.

Оларды не үшін ұстағаны әзірге белгісіз.

Азаттық тілшісі сәрсенбі түнде ұсталғандарға хабарласа алмады. 6 желтоқсанда түнде Азаттық Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

6 желтоқсанда Әсет Әбішев, Сергей Измайлов және адвокат Мейіржан Досқараев Астанада баспасөз мәслихатын өткізген. Олар "Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партиясының жетекшісі Маат Жыланбаев ісіндегі бұрмалаушылықтар туралы мәлімдеген.

Жуырда Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен жеті жыл түрмеге кесілген. Жабық өткен сотқа бақылаушылар қатыстырылмады. Жыланбаевтың жақтастары істің саясиланғанын айтады. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған.

XS
SM
MD
LG