Accessibility links

АҚШ Украинаға тағы 175 млн доллар көлемінде әскери көмек береді


Американың Украинаға беретін кезекті көмек пакетінде әуе қорғанысына арналған, HIMARS жүйесіне арналған оқ-дәрі, артиллериялық оқ-дәрі, радиацияға қарсы жылдамдығы жоғары ракеталар, танкіні жоятын ракеталар, маңызды инфрақұрылымды қорғайтын жабдықтар, сонымен бірге қосымша техника, қызмет пен көлік қарастырылған. Бұл жөнінде "Америка дауысы" сайты жазды.

"Ресей соғысты тоқтатпайынша, қатігез шабуылын тыйып, Украинадан әскерін әкетпейінше АҚШ-қа Украинаны қолдайтын 50-ден астам елден құралған коалицияға жетекшілік ету өте маңызды" деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.

Оның сөзінше, егер конгресс ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосымша қаржы бөлмесе, онда бұл АҚШ-тың Украинаның қорғаныс саласына бөлген соңғы көмек пакеттерінің бірі болмақ.

Блинкеннің айтуынша, Украинаға Ресей басқыншылығынан қорғануына көмектесу АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне сәйкес және әлемдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

"Конгресс ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шараларын қабылдауы керек" деді Блинкен.

Сәрсенбі күні АҚШ президенті Джо Байден конгрестегі республикашылдарға қайырылып, Украинаға әскери көмек көрсетудің маңыздылығын алға тартып, Ресей Украинаны жеңсе, Мәскеу НАТО одақтастарына шабуылдауы мүмкін екенін ескертті.

"Егер Путин Украинаны басып алса, ол мұнымен тоқтамайды" деді Байден. Путин НАТО одақтастарына шабуылдаса, онда Америка әскері ресейліктермен соғысады деді ол.

XS
SM
MD
LG