Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 6 желтоқсанда "Кабар" ұлттық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында касса аппараттарына қарсы саудагерлердің митингісі тоқтамаса, Қырғызстандағы базарларға сыртқы бақылау орнатылуы ықтимал деп мәлімдеді.
Ол жаңа салық саясатын түсіндіру үшін 5 желтоқсанда "Дордай" базарына барып, саудагерлермен кездескенін жеткізді.
Ол сонымен бірге контейнері бар экс-шенеуніктер бар екенін, сот, прокурор, арнайы қызметкерлердің де контейнерлері бар деген мәлімет алғанын айтты.
"Егер саудагерлер митингті жалғастыра берсе, "Құмтөрге" сыртқы бақылау енгізгендей, базарларға да үкіметтен бақылау енгіземіз. Егер бұрынғылардың бәрін қазсақ, біраз дүниелер ашылады. Бірақ мен күштік құрылымдарды әзірге тоқтатып отырмын. Себебі олар өзіміздің азаматтар, оларға мүмкіндік берейік дедім", - деді президент.
Бұған дейін Қырғызстанның бірқатар қалаларында (Бішкек, Ош, Талас және тағы бірнеше қала) саудагерлер касса аппараттарына қарсы митингіге шығып, касса аппараттарын міндеттемеуді, патенттер жүйесін сақтауды талап еткен.
5 желтоқсан күні саудагерлермен кездесу кезінде Жапаров 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін саудагерлер бұрынғыша істей беретінін айтқан. Ол касса аппараттарын көлеңкелі бизнесті азайту үшін енгізіп жатқанын жеткізген. Оның айтуынша, Қытайдан Қырғызстанға өткен тауарлардың көлемі 14 миллиард долларды құрайды. Бірақ статистикалық мәліметтер 4 миллиард долларды ғана көрсетіп жатыр.
Митингілер туралы 6 желтоқсанда Шу облысында сөйлеген сөзінде Қырғызстан ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік комитеттің жетекшісі Қамшыбек Ташиев те айтқан.
Ташиев Қырғызстандағы ірі базар иелерінің аты-жөні бұрыннан белгілі екенін айтып, кейбірінің аты-жөнін атаған. Ташиев олар 30 жылдан бері базаларды иемденіп келе жатқанын, осы уақыт бойы байлық жинап алғанын алға тартқан. Ташиевтің айтуынша, осы уақыт бойы мемлекет олардың жұмысына араласпай, базар иелері байығанмен жағдай өзгермеген.
ПІКІРЛЕР