Accessibility links

Каспий теңізінде болған жер сілкінісі Ақтауда да сезілді


Ақтау қаласы.
Ақтау қаласы.

Ақтау тұрғындары 7 желтоқсанда жерасты дүмпуі сезілгенін хабарлады. Бұл жөнінде Lada.kz сайты жазды.

Қазақстан төтенше жағдай министрлігіне қарасты сейсмология тәжірибелік-әдістемелік станцияның дерегінше, 7 желтоқсанда Астана уақытымен сағат 10:15-те 5,7 магнитудалы жер сілкінісі болған. Эпицентр ошағы – Алматының солтүстік-батысынан 2289 шақырым жерде Каспийдің Әзербайжанға жақын аумағы.

Сейсмологтардың айтуынша, Ақтауда үш-төрт балдық жер сілкінісі сезілген. Зардап шеккендер мен қираған үйлер жөнінде мәлімет жоқ.

Еуропа-Жерорта сейсмология орталығының мәліметінше, жер сілкінісінің магнитудасы – 5,4. Эпицентрі Каспийдің Әзербайжан акваториясында 7 шақырым тереңдікте орналасқан.

Әзербайжан төтенше жағдай министрлігі жерасты дүмпуі Әзербайжан астанасы Бакуде сезілгенін хабарлады. Зардап шеккендер мен қираған үйлер туралы ақпарат жоқ. Әзербайжанда жер сілкінісі көліктердің жұмысына әсер еткен. Ақпаратқа қарағанда, "Әзербайжан темір жолдары" компаниясының төтенше жағдай жөніндегі комиссиясы инфрақұрылым нысандарын, көпірлерді, тоннельдер мен өткелерді тексере бастаған.

XS
SM
MD
LG