Accessibility links

Федерация кеңесі Ресейдегі президент сайлауын 17 наурызға белгіледі


Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин алдағы сайлауға түспек.
Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин алдағы сайлауға түспек.

Ресей парламентінің жоғарғы палатасы 7 желтоқсандағы жиында елдегі кезекті президент сайлауын 2024 жылдың 17 наурызына белгіледі. Бұл туралы Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттіктері хабарлады.

2020 жылы Ресейде Конституция өзгеріп, қазіргі президент Владимир Путиннің бесінші рет сайлануына жол ашылған. Путиннің өзі сайлау өтетін күн белгіленген соң жоспарымен бөлісетінін айтқан.

Ресейлік және халықаралық басылымдар президент әкімшілігіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап, "Путин сайлауға түспек, Кремль бұл жолы да жеңіске жетуді ойлайды" деп жазған.

"Медуза" мен "Верстка" сайтының жазуынша, шенеуніктердің алдына Путин 80 пайыз дауыс алуы керек деген міндет қойылған.

Путиннің кандидатурасын "Справедливая Россия — За Правду" және "Единая Россия" партиясы ұсынады деп күтіледі. Ал "Коммерсант" газеті Путин сайлауға өз-өзін ұсынуы да мүмкін деп жазған.

Үміткер сайлауға өз-өзін ұсыну үшін бүкіл Ресей бойынша (бұған Ресей оккупациялап алған Украинадағы аумақтар да кіреді) 300 мың адамның қолы жинауы тиіс. Ал мемлекеттік дума мен аймақтағы парламенттегі үштен бір орынды иеленген партиялар кандидат ретінде ұсынса, қол жинау шарты қойылмайды.

Бұған дейін Ресейдегі компартия лидері Геннадий Зюганов, мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты Борис Надеждин, Донецктегі сепаратистердің бұрынғы әскери лидері, қазір изоляторда қамауда отырған Игорь Стрелков (Гиркин), журналист Екатерина Дунцова сайлауға түскісі келетінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG