Түркістан облысы Жетісай аудандық соты Әл-Фараби атындағы №12 мектептің директоры мен оның орынбасарын «пара сұрады» деп айыптаған осы мектептің үш қызметкеріне қозғалған әкімшілік істі тоқтатты. Сот олардың әрекетінде әкімшілік құқықбұзушылық белгісі жоқ, «еркін ақпарат тарату құқығын пайдаланған» деп тапты.
Әл-Фараби атындағы №12 мектептің кіші қызметкері Бағила Бегіндікова мен Дилара Пернеқұлованың үстінен осы мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Ұлжан Кенжебаева, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Жамила Құлманованың үстінен мектеп директоры Гүлмира Каримова арызданған. Мектеп қызметкерлері директордың орынбасары «жарты ставка жүктемесін толықтырып беруі үшін пара сұрады» десе, мұғалім директор «16 мұғалімді конкурссыз жұмысқа қабылдады және мектепте ақша жинады» деп айтып, әлеуметтік желі арқылы құзырлы органдарға шағымданған. Ізінше мектеп директоры мен оның орынбасары «жала жапты» деп сотқа шағым түсірген.
Сот үш қызметкердің ісін жеке дара қараған. Мектеп қызметкерлері мен мұғалімнің іс-әрекетінде жала жабу, көрінеу жалған мәлімет тарату әрекеті жоқ, заң шеңберінде құқығын қорғау үшін тиісті органга жүгінді деп санап істі тоқтату туралы қаулы шығарған. Соттың пікірінше, бұл жәбірленушілердің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, беделін түсіретін мәлімет емес. Себебін Конституциядағы сөз бен шығармашылық еркіндігімен байланыстырған. Еркін ақпарат алу және таратуға әркімнің құқығы бар екенін ескерткен.
Ал "мектептегі заңсыздықтарға" шағымданған қызметкерлердің әлеуметтік желідегі шағымдарына құқық қорғау органдары әзірге реакция білдірмеді.
Дәл осы істе ұсынылған бейнежазбаны негізге алған №12 мектеп директорының орынбасары Ұлжан Кенжебаева мектептің кіші қызметкерлері Бағила Бегіндікова, Дилара Пернеқұлова және бейнежазба Facebook парақшасында жариялап, тиісті орындарды тектеп, ұсынған шымкенттік белсенді мұғалім Өмір Шыныбекұлының үстінен сотқа шағымданған. Іс Қылмыстық кодекстің «Қорлау» бабымен қаралып жатыр.
Қазақстанда мұғалімдер мектепте заңсыз ақша жинайтынына жиі шағымданады. Ол жайлы тіс жарған мұғалімдер кейде қысымға ұшырап жатады. Бірнеше жыл бұрын Шымкент қаласында "жөнсіз ақша жинаудан" шаршаған бірнеше мұғалім Facebook әлеуметтік желісінде шағымданып, пост жазған. Кейінірек мектеп директоры мен қарамағандағы қызметкер қызметінен босатылды.
ПІКІРЛЕР