Accessibility links

ЕО Ташкентті Ресейге санкциядан жалтаруға көмектеспеуге үндеді


Қазақстан, Ресей және Өзбекстан президенттері (солдан оңға қарай): Қасым-Жомарт Тоқаев, Владимир Путин және Шавкат Мирзияев.
Қазақстан, Ресей және Өзбекстан президенттері (солдан оңға қарай): Қасым-Жомарт Тоқаев, Владимир Путин және Шавкат Мирзияев.

Өзбекстан Ресейдің Украинаға басып кіргені үшін Еуроодақ салған санкцияларынан жалтару үшін қолданатын платформаға айналуы мүмкін. ЕО-ның санкциялар жөніндегі арнайы елшісі Дэвид О’Салливан Gazeta.uz басылымына сұхбатында осылай деп мәлімдеді.

Дэвид О’Салливан 29-30 қараша аралығында Өзбекстанда болды. Еуропалық дипломат кейінгі сегіз айда Орталық Азияға осымен екінші рет келіп отыр. Бұл аймақта ол сәуірде де болған.

Кейінгі жылдары ЕО-ның Орталық Азияға экспорты едәуір ұлғайғаны байқалады. Бұл уақытта аймақ елдерінің Ресейге өнім жетізу көрсеткіші де арта түскен.

«Бұған дейін Ресеймен жасалған сауданың бағыты өзгергенін көріп отырмыз. Енді ол Қазақстан, Өзбекстан, Армения, Сербия, Түркия, БАӘ елдеріне қарай кетіп жатыр. Тауарлардың кейбір түрі осы елдер арқылы Ресейге өтіп жатқаны бізді толғандырады» дейді Дэвид О’Салливан.

Брюссель мұндай жағдай Кремльге санкцияларды айналып өтуге көмектеседі деп алаңдайды. Дегенмен ЕО Ташкенттен Мәскеумен сауда-экономика қарым-қатынасын қысқартуды талап етпейді.

Биыл 14-15 желтоқсан аралығында өтетін саммитте Брюссель Ресейге қатысты жаңа санкцияларды мақұлдауы мүмкін. Құжат жобасында санкцияға іліккендер арасында Өзбекстанның тағы бір компаниясы Mvizion бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG