Accessibility links

АҚШ БҰҰ-ның Газада атысты тоқтату туралы қарарына вето қойды


БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы.

АҚШ БҰҰ-ның Газа секторында атысты тоқтату туралы қарар жобасына вето қойды.

Құжатты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 елдің 13-і қолдады, қолдағандар арасында Ресей де бар. Ұлыбритания қалыс қалды. БАӘ әзірлеген жобаны дайындауға 97 ел қатысқан.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары Роберт Вуд қарарды "шындықтан алшақ, тепе-теңдік сақталмаған" құжат деп атап, ол жағдайды жақсартпайды деді. Вудтың айтуынша, құжатты әзірлеуге қатысқандар АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған ХАМАС тобының шабуылын айыптаудан және шабуылдан зардап шеккендерге көңіл айтудан бас тартқан.

Палестинаның БҰҰ-дағы өкілі Рияд Мансур АҚШ-ты айыптап, Американың ветосы "әскери қылмыскерлерге жаңа қылмыс жасауына жол ашады" деп мәлімдеді. ХАМАС бақылауындағы Газа секторы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соғыста шамамен 17 мыңнан астам палестиналық қаза болған.

Бұған дейін БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш халықаралық дәрежеде бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретін мәселе жөнінде Қауіпсіздік кеңесіне ескертуге рұқсат беретін БҰҰ Жарғысының 99-бабын алғаш рет қолданды.

  • ХАМАС Израильге 7 қазанда шабуылдады. Содырлардың шабуылы салдарынан 1400-ден астам адам қаза болды, 200-ден астам адам кепілдікке алынды. Израиль бұған жауап ретінде ХАМАС бақылауындағы Газа секторында әскери операция бастаған.
XS
SM
MD
LG