Accessibility links

Атырау бір түнде сусыз қалды. Елдімекендерге су кезеңмен беріле бастайды


Кран суын тексеріп тұрған әйел. Көрнекі сурет.
Кран суын тексеріп тұрған әйел. Көрнекі сурет.

9 желтоқсанда түнде Атырау қаласы сусыз қалды. Қазір Атыраудың бірқатар елдімекені бірнеше сағаттан бері сусыз отыр. Тұрғындар әбден әбігерге түскенін айтады.

“Атырау облысы су арнасы” коммуналды мемлекеттік кәсіпорны қала бойынша су беру тоқтатылғанын 9 желтоқсанда сағат 23.30-да хабарлады. Олар мұны ұзаққа созылған аяз бен Жайықта өзен ағысының жылдамдығының төмендеуіне байланысты су тазарту қондырғыларының сорғы станцияларында мұз қата бастаған соң су беру тоқтатылды деп түсіндірді. Бұл жағдай Атырауда бірінші рет байқалып отыр. Кей тұрғындар мұны өзен суының азаюынан деп топшылайды.

“Атырау облысы су арнасы” кәсіпорнының хабарлауынша, 10 желтоқсанда сағат 8-де облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күшімен сорғы станцияларына су жиналатын жерін бітеген мұз бөліктерін және құбырларын тазалау жұмыстары басталған.

“Атырау облысы су арнасы” кәсіпорнының баспасөз хатшысы Лугзана Байлауова кейін су кезең-кезеңмен беріле бастағанын хабарлады. Бірақ қысымы төмен. Қала бойынша әлі сусыз отырған ықшам аудандар бар. Олар судың қашан берілетінін білгісі келеді.

"Жұлдыз" ықшам ауданындағы жеке тұрғын үйде тұратын Талғат Елекенов жексенбі күні таңертеңгі шайын іше алмай, беті-қолын жуа алмай қиналып отырғанын айтты.

- Су кеше түнші он бірлерде тоқтап қалды. Демалыс болғасын еден жуу керек, кір жуу керек. Ертеңгі жұмыс күнге дайындалу керек. Сосын жылу қазандығы да сумен жұмыс істейді. Ол жасамай қалу мүмкін су толтырмаса. Сағат түскі 12 болды, әлі су жоқ. Су қататындай күн соншалықты аяз емес сияқты, - дейді Елекенов.

Балықшы ықшам ауданының тұрғыны Вероника Капустина да су үнемі жүріп тұрғасын алдын ала суды толтырып алмағанын, енді бет жумақ түгіл ол да таңғы шайын іше алмай әбігерге түскенін айтады.

- Шай ішкім келіп отыр, су жоқ, ашуым келіп отыр. Ұят болса да айтайын, әжетханаға да бара алмай отырмыз. Біз тұратын Бейбітшілік көшесі түгел жеке сектор. Көше Жайықтан басталып, бұрынғы “Атыраубалық” зауытына дейін жалғасып жатыр. Көбіміз құс, үй жануарларын асыраймыз. Өзімізді айтпағанда, соларға су бере алмай отырмыз. Анам да жақын маңдағы жоғарғы оң Перетаска деген жерде тұрады. Олар да сусыз қиналып отыр, - дейді Капустина.

"Нұрсая" ықшам ауданының тұрғыны Әлия Жамитова ыстық судың жүрмей қалғанына шағымданды. Ол балаларын жуындыра алмай отырғанын, амалсыз суды бермесе ысытып пайдаланатынын жеткізді.

- Жексенбіде үй жинаймыз, балаларды сабаққа дайындаймыз деп жоспарлап едік, ыстық судың жоқтығы қолайсыздық тудырып отыр, - дейді Жамитова.

Қаладағы екі ірі даңғылы Азаттық пен Сәтбаев көшелерінде де су жоқ.

- Аяз болатынын біледі, неге су сорғы станциясын алдын ала дайындамаған? Баланы шомылдырайық десек, су жоқ, - дейді Сәтбаев көшесінің тұрғыны.

“Атырау облысы су арнасының” хабарлауынша, қазір ТЖД қызметкерлері қаланы сумен қамтитын су сорғы станциясын және оның құбырларын мұздан тазартып жатқандықтан су қысымын бірден көтеру қауіпті. Байлауованың айтуынша, ақауды жөндеу жұмысы аяқталған соң су қысымын көбейткенде қала толық сумен қамтамасыз етіледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG