Accessibility links

Иран билігі Махса Әминидің отбасына Францияға барып, Сахаров сыйлығын алуға рұқсат бермеді


Еуропарламент ғимаратында Махса Әминидің баннері ілініп тұр. Желтоқсан 2023 жыл.
Еуропарламент ғимаратында Махса Әминидің баннері ілініп тұр. Желтоқсан 2023 жыл.

Иран қауіпсіздік қызметі Махса Әминидің әке-шешесі мен бауырына Францияға баруға рұқсат бермеді. Фарда радиосының хабарлауынша, Хомейни әуежайында сақшылар отбасы мүшелерінің төлқұжатын тартып алған.

Махса Әминидің туыстары Фарда радиосына өздерін Еуроодақ Сахаров сыйлығын тапсыру рәсіміне шақырғанын, сол үшін Францияға бармақ болғанын айтқан. Әмини отбасы адвокат Салех Никбахтмен бірге Францияға бармақ болған. Сахаров сыйлығын тапсыру рәсімі Страсбургтегі Еуропарламент ғимаратында 12 желтоқсанда өтуге тиіс.

Былтыр хиджаб дұрыс кимегені үшін ұсталып, бірнеше күннен соң жұмбақ жағдайда көз жұмған ирандық құқық қорғаушы Махса Әмини мен Ирандағы "Әйелдер, өмір, еркіндік" ұйымына биыл 27 қазанда Еуроодақтың адам құқығы саласындағы сыйлығы берілген.

Сахаров сыйлығын Еуропарламент 1988 жылы тағайындап, "Жер бетіндегі адам құқығы үшін күреске үлес қосқандарға" беріп келеді. Сыйлықты советтік құқық қорғаушы және диссидент Андрей Сахаровтың есімімен аталады.

2022 жылы сыйлық "ержүректігі үшін" Украина халқы мен президенті Владимир Зеленскийге берілген.

2022 жылы қыркүйекте Иранда полиция Махса Әминиді хиджаб кимеді деп айыптап ұстаған. Кейін оны полициядан ауруханаға жеткізген еді, ол ауруханада жатып көз жұмған. Әминидің жақындары бұл қазаға полицияның қатігездігі себеп деп санайды. Оның қазасынан соң Иранда "Әйелдер, өмір, бостандық" ұранымен жаппай наразылық басталған.

Ирандағы әйелдер наразылығын халықаралық қауымдастық қолдады. Иран үкіметі наразылықты дөрекі күштеп басып, соның салдарынан жүздеген адам қаза болған.

XS
SM
MD
LG