Accessibility links

Зеленский Аргентина президенті Хавер Милейдің инаугурациясына барды


Украина президенті Владимир Зеленский мен Аргентинаның жаңа президенті Хавьер Милей
Украина президенті Владимир Зеленский мен Аргентинаның жаңа президенті Хавьер Милей

Буэнос-Айресте Аргентинаның жаңа президенті Хавьер Милейдің инаугурациясы өтті. Келген қонақтардың арасында Украина президенті Владимир Зеленский де бар. Ресей Украинаға басып кіргелі Зеленский Латын Америкасына алғаш барып отыр. Милей Ресей агрессиясын әлденеше рет айыптап сөйлеген.

Зеленский Аргентинаға барар жолда Кабо-Верде республикасының премьер-министрімен келіссөз өткізген. Буэнос-Айресте Парагвай, Уругвай және Эквадор басшыларымен және Франция президенті Эммануэль Макронмен кездескен. Франция президентімен сөйлескенде Киевтің Еуропа одағына қосылуы жөнінде келіссөз бастауда Еуропа кеңесінің шешімі маңызды екендігін айтқан. Зеленскийдің сөзінше, бұл шешім "Украина қоғамы мен әскерін айтарлықтай ынталандыра түседі". Алайда әзірге Венгрия мұндай келіссөзді бастауға қарсы, Еуропаның өзге елдері 14-15 желтоқсанда өтетін саммит алдында Будапештті көндіре ала ма, жоқ па, белгісіз.

Экономист Хавьер Милей 19 қарашада өткен Аргентина президенті сайлауының екінші турында жеңіске жеткен. Саяси шолушылар оның идеологиялық және экономикалық көзқарастарын оңшыл, анархист, либертариан және консерватив идеялардың қоспасы деп санайды, өзін популист деп есептейді. АҚШ пен Бразилия президенттері - Дональд Трамп және Болсанаруды үлгі тұтатынын айтқан Мидейдің сайлау кампаниясы мемлекет өкілетін азайтуға бағытталған. Латын Америкасының кейбір елдерінің басшыларына қарағанда Милей АҚШ-қа бағыт алуға шақырған және Израиль мен Украинаны қолдаған.

Милей президент ретіндегі алғашқы сөзінде "Аргентина экономикасын ауыр жағдайдан алып шығып, елді гүлдендіруге" уәде берген. Қазір Аргентинадағы жылдық инфляция 140 пайыздан асып тұр, Аргентинаның әрбір бесінші азаматының екеуі кедейшілікте өмір сүреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG