Accessibility links

Ақтөбе фермерлері мәдениет үйінде наразылық жиынын өткізді


Фермерлердің Мәдениет үйіндегі наразылық митингісі. 12 желтоқсан 2023 жыл
Фермерлердің Мәдениет үйіндегі наразылық митингісі. 12 желтоқсан 2023 жыл

12 желтоқсанда Ақтөбе облысының фермерлері рұқсат етілген митинг өткізді. Бастапқыда митингіні далада өткізу көзделген, бірақ күннің күрт суытуына байланысы әкімдік жиынды калалық мәдениет үйінде өткізуге келісті. Митингіге облыс түкпірлерінен жүз шақты шаруа келді. Наразылық акциясын "Ақтөбе фермерлер қауымдастығы" ұйымдастырған.

Шаруалар ауыл шаруашылығындағы түрлі жағдайлар бойынша пікір айтып, наразылық білдірді.

Мұғалжарлық Мақсат Балғазин Ресейден келіп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдері Қазақстан фермерлеріне ауыртпашылық тигізетінін айтты. Ол "Қазақстан ішкі өнімді қорғайтын заң қабылдамаса, мал шаруашылығы бұдан әрі бәсекеге төтеп бере алмайды" деп санайды.

- Ақтөбенің базарларында Ресейден әкелінген сиыр еті көп. Ресей 8-10 жыл сауылған сиыр етін Қазақстан нарығына 1700 теңгеден өткізе бастады. Оның сапасы біздің сиырымыздың етімен салыстыруға мүлдем келмейді. Біздікі жоғары сұрыпты ет. Сөйте тұра өз құнынан анағұрлым арзанға өткізуге мәжбүрміз, - дейді Мақсат Балғазин.

Ақтөбе фермерлері сиыр етінің келісін делдалдарға 1900-2000 теңгеден тапсыратынын, ал өнімнің келісі тұтынушыға 2500-3000 теңгеден жететінін айтты. Фермерлер бұған билік назар аударуы тиіс деп санайды.

Митингіге Алға ауданынан келген фермер Бақтығали Сейтеновтің сөзінше, Ақтөбе облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесі де өте баяу жүріп жатыр.

Фермер Руслан Сүйіншәлин "шаруаға 22 пайыз өсіммен кредит беру - тал түсте кісі тонағанмен бірдей" деді.

- Көрші елдерде ауыл шаруашылығына кредит бөлетін арнайы банктер бар. Оларда пайыз өсім 5-6 пайыз ғана. Ал біз кредитті 22 пайыз өсіммен алып отырмыз. Мұндайды көрдіңіздер ме? - деді ол.

"Ақтөбе фермерлер қауымдастығы" наразылық акциясын желтоқсан айының басында өткізгісі келген, бірақ әкімдіктен рұқсат ала алмаған.

Ақтөбе фермерлері наразылық жиынын жыл сайын өткізеді. Бірақ шаруалар көтеріп жүрген мәселелер толық шешімін таппай отыр деп санайды. Ақтөбе әкімдігі кей мәселелерді "Астана ғана шеше алатынын" алға тартып келген. Бұл жолғы митингіге ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Бәйтерек" холдингінің өкілдері шақырылған. Бірақ олар сейсенбі күн райының қолайсыздығынан Ақтөбеге жете алмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG