Accessibility links

БҰҰ Газада атысты тоқтатуды талап еткен қарарында ХАМАС-ты айыптамады


БҰҰ Бас ассамблеясының отырысы. 12 желтоқсан 2023 жыл.
БҰҰ Бас ассамблеясының отырысы. 12 желтоқсан 2023 жыл.

БҰҰ Бас ассамблеясы 12 желтоқсанда Газа секторында атысты тоқтату, кепілдікке алынған азаматтарды босату және халықаралық гуманитарлық құқықты сақтауды талап ететін қарар қабылдады.

Египет және Мавритания ұсынған құжатты 153 мемлекет қолдады. Арасында Қазақстан, Бразилия, Иран, Испания, Канада, Қытай, Ресей, Франция, Швейцария, Швеция бар. Құжатқа 10 ел қарсы дауыс берді, арасында Израиль, АҚШ және Австрия бар. Ұлыбритания, Германия және Украина бастаған 23 ел қалыс қалды.

АҚШ қарар жобасына бірқатар елдерде "террористік ұйым" деп танылған палестиналық ХАМАС тобын айыптау туралы түзету енгізуді ұсынды, алайда ол мақұлданған жоқ. Түзетуді 84 ел қолдады, 64 мемлекет қарсы болды, 25 мемлекет қалыс қалды. Дауыс беруге қатыспаған елдер арасында Қазақстан да бар.

Израильдіктерді ХАМАС пен өзге де исламистік топтар кепілдікте ұстап отырғаны жөнінде Австрия ұсынған түзету де қабылданбады.

12 желтоқсанда дауыс беруге ұсынылған қарар жобасы 9 желтоқсанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде БАӘ ұсынған құжатты қайталайды. Аталған құжатқа АҚШ вето қойған еді.

Бас Ассамблеяның қарары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарымен салыстырғанда орындауға міндетті емес құжат болып саналады.

  • ХАМАС Израильге 7 қазанда шабуылдаған. Израильге шабуыл кезінде 1200-ден астам адам қаза болған, 200-ден астам адам кепілдікке алынды. Израиль бұған жауап ретінде Газа секторында әскери операция бастаған. Палестина жағының айтуынша, Израиль соққысы мен құрлықтағы операциясының нәтижесінде Газада шамамен 18 мың адам қаза болған. Шайқас жүріп жатыр.
XS
SM
MD
LG