Accessibility links

Оралда белсенді Маруа Ескендірова 25 тәулікке қамалды


Маруа Ескендірова
Маруа Ескендірова

Оралда белсенді Маруа Ескендірова "митингіге шақырды" деген айыппен 25 тәулікке қамауға алынды.

14 желтоқсанда судья Ернар Халықов белсендіні "заңға қайшы митинг ұйымдастырмақ болды, бір жыл ішінде қайталап заң бұзды" деп таныды. Бұл шешімге Ескендірованың "әлеуметтік желідегі митингіге шақырған жазбасы" түрткі болған.

Полиция хаттамасына сәйкес, белсенді 4 желтоқсанда Facebook арқылы митингке шақырған.

Ескендірованың өзі көрсетілген Facebook-аккаунтты ұялы телефонын ұрлап алғаннан бері – соңғы екі жылда мүлдем қолданбағанын мәлімдеді. Белсендінің айтуынша, хаттамаға түрткі болған жазбаны өзге адам жазған және ол тек белсендіні белгілеген (тегтеу). Сол үшін жазба белсендінің парақшасында шығып тұр.

— Мен бұл адамды білмеймін. Мен ешқандай материал жарияламадым. Себебі мен қазір шектеуде отырмын. Мен ешқандай митингіге шықпаймын. Егер мен өзім шықпасам, өзгелерді несіне шақырамын?, - деді Ескендірова.

Оның адвокаты Жанболат Күлжанов қаулы полиция тарапынан негізсіз түзілгенін айтады. Ол сот шешіміне қарсы шағым түсіретінін мәлімдеді.

Биыл ақпанда Орал соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп белсенді Маруа Ескендірованың бостандығын шектеген. Сот бұған қоса, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуларына тыйым салған. Белсендінің сөзінше, өзін пробация қызметі 14 желтоқсанда шақырған. Айтуынша, бейсенбі күні полиция бөлімінде таңертеңгі сағат 11-ден бастап болған. Бастапқыда оған қозғалған әкімшілік іс қылмыс құрамы болғандықтан тоқтатылған. Бес минуттан соң полицейлер жаңа хаттама толтырып, екі сағаттан кейін екінші сот өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG