Accessibility links

Украина және Молдованы Еуроодаққа қосу бойынша келіссөз басталады


Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель
Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель

Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель ЕО саммиті Украина және Молдованы одаққа қосу бойынша келіссөз бастауды ұйғарғанын мәлімдеді.

Еуроодақ саммиттің алғашқы күні Грузияға одаққа мүшеліктен үміткер мәртебесін беріп, шарттарды орындағаннан кейін Босния және Герцеговинамен келіссөз бастауға дайын екенін мәлімдеді.

Украина ЕО-ға мүше болуға 2022 жылы 28 ақпанда өтініш берген. Украина одаққа мүшеліктен үміткер мәртебесіне былтыр 23 маусымда ие болды.

"Бұл жеңіс. 30 жыл және 120 күн күттік. Бұл Украина мен ЕО арасындағы қайталанбас тарихи сәт. Украинаның болашағы Еуроодақта" деп жазды X-тегі парақшасында Украина басшысы Владимир Зеленский.

"Украинская правда" басылымының жазуынша, ЕО жетекшілерінің бұл шешімі Еуропа комиссиясы Украинамен келіссөз жүргізудің техникалық жағын дайындауға көшетінін білдіреді. Ол 2024 жылы көктемде ЕО-ның келесі саммитінде бекітілуі ықтимал.

14 желтоқсанда сәл ертерек Еуропа жетекшілерінің алдында сөйлеген Зеленский Украинаны одаққа қосу бойынша келіссөз бастауды одаққа мүше елдер мақұлдамаса, украиндардың Еуропаға қатысты арманына "сатқындық жасалады", ал бұл Ресейге Украинадағы соғыста еркінсіп қимылдауына жол ашады деді.

ЕО-ға мүше елдер арасында Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Украина Ресей басқыншылығымен күресіп отырғанын алға тартып оны қосу бойынша келіссөзді бастауға қарсы болды.

"Ештеңені талқылауға негіз жоқ, өйткені алғышарттар орындалмаған" деді Орбан. Кейін оның дауыс беру кезінде қалыс қалғаны белгілі болды.

Украина және Молдова президенттері Владимир Зеленский және Майя Санду Еуроодақтың шешімін жылы қабылдады, деп жазды "Неміс толқыны".

Босния және Герцеговинаның ЕО-ға қосылуы бойынша келіссөздер мемлекет сыбайлас жемқорлықпен күрес, инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету және басқа да салаларда ЕО талаптарына сәйкестендірілгеннен кейін басталады.

Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі ЕО-ның екікүндік саммиті жөнінде "одаққа қосу бойынша келіссөздің ұзақтығы шектелмеген, ол кез келген уақытқа созылуы мүмкін. Мысалы, Түркияны қабылдау бойынша келіссөз 2005 жылы басталған және оның қашан аяқталатыны белгісіз" деп жазды.

XS
SM
MD
LG