Accessibility links

Жамбыл облысының екі ауданында ауа райына байланысты төтенше жағдай жарияланды


Құтқарушылар қарға тығылған көлікті аршуға тырысып жатыр. Төтенше жағдай министрлігі таратқан сурет.
Құтқарушылар қарға тығылған көлікті аршуға тырысып жатыр. Төтенше жағдай министрлігі таратқан сурет.

Жамбыл облысында Қордай және Шу аудандарында жергілікті деңгейде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл жөнінде облыс әкімдігі хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, ауа райына байланысты 12 желтоқсаннан бері республикалық маңызы бар "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автобанының "Тараз-Алматы" бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолдарда көлік қозғалысы тоқтатылған.

Жолдардың жабылуына қарамастан трассаларда қарға тығылып қалған көліктер бар дейді олар.

Қатты жел мен қардың салдарынан Шу ауданында электр желілері үзіліп, тірек бағаналары құлаған. Облыстың 4 ауданының 32 елді мекенінде 9 мыңға жуық абонент электр қуатынан ажыратылған.

Төтенше жағдай салдарынан "Шу Отар" учаскесінде 11 жолаушылар пойызы тоқтап қалған, олардың әрқайсысында орташа есеппен 500-700 адамнан бар. 12 жүк пойызы кешігіп жүріп жатыр.

Жұма күні желдің жылдамдығы секундына 45 метрге дейін жеткені хабарланды.

ТЖМ-нің хабарлауынша, 15 желтоқсанда сағат 6-дағы жағдай бойынша құтқару бөлімшелері 2413 адамды құтқарып, эвакуациялаған. Олар Қордай ауданындағы 6 жылыту пунктіне орналастырылған (Қайнар-1, Алға-1,Қордай-3, Кенен-1).

Әкімдік құтқару жұмыстарына 117 арнайы техника, 103 адам (ТЖД, әскери қызметшілер) жұмылдырылғанын хабарлады.

ТЖ министрлігінің хабарлауынша, ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар – 9 автожол, бес аймақта облыстық маңызы бар 15 жол жабылған. Бес аймақта дизельмен жүретін жүк және жолаушылар көліктерінің жұмысына шектеу қойылған. Кейбір аумақта қар тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Тараздан Шымкентке баратын жолда – 570 автокөлік, Қордайда- 50, Благовещенка ауылында 200 техника жиналып қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG