Accessibility links

Франция соты өзбек босқынын депортациялау туралы шешімнің күшін жойды


Франция конституциялық соты өзбек босқыны Мухсинжон Ахмедовты Өзбекстанға депортациялау туралы шешімді заңсыз деп таныды. Енді француз үкіметі бір ай бұрын елден Өзбекстанға депортацияланған Мухсинжон Ахмедовты кері қайтаруы тиіс.

Кеңсесі Францияда орналасқан «Орталық Азиядаға адам құқығы» қауымдастығының мәліметінше, биыл 14 қарашада еліне депортацияланған азамат Ферғанада қамауда отыр.

Өзбекстанда дінге қатысты іс бойынша қылмыс жасады деген айып тағылған соң Ахмедов елден қашқан, 2019 жылдан бері Францияда босқын мәртебесін алуға талпынған. Өзбекстанда тұтқындарды азаптайтыны туралы ескертулерге қарамастан, 14 қарашада Франция Ахмедовты Өзбекстанға депортациялады.

Құқық қорғаушылар француз президенті Макронның Ташкентте өзбек президенті Мирзияевпен кездескеннен кейін өзбек босқынының депортацияланғанын сынады. Олар Өзбекстанда тұтқындарды әлі күнге дейін азаптайды деп есептейді.

Өзбекстан билігі Ахмедовке 2016 жылы терроризм және діни радикализм айыптары негізінде іздеу жариялаған.

Бір айдан кейін Франция соты депортация туралы шешімнің күшін жойды. Бұған қоса, сот ішкі істір министрлігі мен сыртқы істер министрлігіне Ахмедовты Францияға мемлекет есебімен тезірек қайтаруды талап етті.

Қазір Ахмедов Ферғанадағы тергеу изоляторында отыр. Оны туыстарына көрсетпей жатыр. Мухсинжонмен оның адвокаты ғана кездесе алады.

Франция конституциялық сотының шешімі орындалған жағдайда, Ахмедов өзбек түрмесінен Францияға оралған алғаш өзбек азаматы атанады.

Белсенділер француз сотының шешімі Өзбекстан мен Франция үшін ғана емес, жалпы Еуропа үшін елеулі оқиғаға айналып отыр дейді.

Мухсинжон Ахмедов Францияда қолөнермен айналысқан. Бұған қоса, ол Франциядағы Ментеро қаласының "қаһарманы" атанған.

2020 жылы ол үш досымен бірге өртеніп жатқан үйден бір қарт кісіні құтқарып қалған. Бұл оқиға француз баспасөзінде көп жазылды. Қала басшысы адам құтқаруға қатысқандардың бәріне Монтеро құрмет медалін тапсырған. Кейін белсенділер құтқарушылардың босқын екенін біліп, оларды қолдайтын петиция дайындаған. Үш жылда бұл петицияға 30 мыңға жуық адам қол қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG