Accessibility links

"Ұмытпаймыз, кешірмейміз". Oyan, Qazaqstan белсенділері Желтоқсан, Жаңаөзен және Қаңтар құрбандарын еске алды


Oyan, Qazaqstan белсенділері Желтоқса, Жаңаөзен және Қаңтар құрбандарын еске алды. Алматы, 16 желтоқсан 2023 жыл.
Oyan, Qazaqstan белсенділері Желтоқса, Жаңаөзен және Қаңтар құрбандарын еске алды. Алматы, 16 желтоқсан 2023 жыл.

16 желтоқсанда Алматының Республика алаңында Oyan, Qazaqstan қозғалысының бірнеше белсендісі Желтоқсан, Жаңаөзен және Қаңтар құрбандарын еске алып, акция өткізді.

Белсенділер Тәуелсіздік монументінен "Тағзым" мемориалына дейін шерулетіп барды. Олар Қаңтарда оққа ұшқан балалардың аты-жөнін атап айқайлады. Белсенділердің қолында "Ұмытпаймыз! Кешірмейміз!" деген жазуы бар плакат болды.

"Тағзым" мемориалындағы тақталардың біріне қозғалыс мүшелері бірнеше сурет жапсырды. Арасында Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің суреті де бар. Әскери қызметкерлер былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде Айкөркем аға-әпкелерімен бірге отырған көлікке оқ жаудырған, оқ төрт жасар қыздың басына тиген. Екі жылдан кейін сот 4 жасар бүлдіршіннің өліміне қатысты айыпталған жалғыз әскери қызметкерді ақтап шықты.

—1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының зерттелмеуі, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы 2022 жылғы Қаңтарға әкеп соқты. Біз қоғам ретінде бұл әділетсіздікке қарсы тұруымыз керек. Себебі егер балаларды атып кете беретін болса, оған ешкім жауап бермейтін болса, ертең сіздің де балаларыңызды атып кетуі мүмкін. Соны бәріңіз түсініңіздер. Сол себепті біз бүгін осы жерге келдік, – деді Oyan, Qazaqstan белсендісі Әсем Жәпішева.

Бұған дейін Алматыда полицияның күшейтілген режимге көшкені хабарланған. Сенбі күні қалада полицейлер әдеттегіден көп болды. Әкімдік және прокуратура өкілдері белсенділерге ескерту жасағанмен әзірге ешкім ұсталған жоқ.

Сенбі күні Маңғыстауда да алты күннен бері ереуілдеп тұрған West oil software жұмысшылары Желтоқсан және Жаңаөзен құрбандары еске алып, құран бағыштады.

16 желтоқсанда Қазақстанда Тәуелсіздік күні атап өтіледі.

16 желтоқсан – Қазақстанның жаңа тарихында екі оқиғамен байланысты. Осыдан 36 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасының екі жылдығы да таяп келеді.

Сарапшылар осы үш қантөгістің шындығы әлі ашылмады деп санайды. Жыл сайын 16 желтоқсанда Қазақстанның түрлі өңірінде құрбандарды еске алу шаралары өтіп, белсенділер мен тұрғындар билікке сын айтып, қантөгіс ақиқатын ашуды талап етеді.

XS
SM
MD
LG