Accessibility links

Маңғыстауда ереуілдеген жұмысшылардың туыстары әкімдік алдына жиналды


Ереуілшілердің туыстары әкімдік алдында наразылық жасап тұр. Маңғыстау облысы, 16 желтоқсан 2023
Ереуілшілердің туыстары әкімдік алдында наразылық жасап тұр. Маңғыстау облысы, 16 желтоқсан 2023

Маңғыстау облысында алты күннен бері ереуілдеп тұрған West oil компаниясы жұмысшыларының туыстары 16 желтоқсанда түстен кейін Жетібай кентіндегі әкімдік алдында жиналып, жұмысшылардың талаптарын орындауды талап етті. Олар бір күн бұрын, 15 желтоқсанда да әкімдік алдына келіп, биліктен ереуілдетіп тұрған жетібайлық жұмысшылар мәселесін шешуді талап етіп, үндеуді жауапсыз қалдырса, жолды жабатынын ескерткен.

Сенбі күні олар билікті жұмысшылардың талап-арыздарына құлақ асуға үндеді.

– Балаларым осы West oil-да істейді. Әрқайсысында бес-алты баладан. Сол балалардың жолына қарап отыр. Осы күннің аязына қарамастан [ереуілдегеніне] алты күн болды, мінекей. Табандарынан ызғар өтіп, ауырып қалғандары да бар. Еріккеннен тұрған жоқ. Келешегін ойлағаннан тұр. Бала-шағасын бағу үшін. Балаларымыздың талаптарын орындалуын талап етіп, балаларымызды қолдап келіп отырмыз. Талаптары орындалмаған жағдайда мектепті де тоқтатып, балаларымызбен сол ереуілшілердің жанына барамыз, – деді жиналғандардың бірі Базаргүл Тұрманова.

Жиналғандар "Талап орындалсын!" деп айқайлады. West oil компаниясында 43 жыл істеп, 2020 жылы зейнетке шыққанын айтқан тұрғындардың бірі "бұл бір күнде қалыптасқан мәселе емес, бір жылдан бері айтылып келе жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Ереуілшілердің талаптары орынды" деді.

Ереуілдің жалғасып жатқанына алты күн болды. Оған қатысушылар бұған дейін қысым күшейгеніне шағымданған. 15 желтоқсанда ереуілге шыққан 19 жұмысшының жұмыстан қуылғаны белгілі болды. Наразылыққа шамамен 500 адам қатысып жатыр. Наразылар қақаған аязда күні-түні далада тұр. Олар талаптары орындалмайынша тарамайтынын айтады.

Жұмысшылар үш талап айтып отыр: West Oil компаниясын "ҚазМұнайГаздың" балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңарту.

"Техниканың тозып кеткені сонша түбіне үңілсең жер көрініп тұрады" деді 15 желтоқсанда Азаттықтың тікелей эфирі кезінде жұмысшылардың бірі.

16 желтоқсанда Жетібай тұрғындарының бірі "жұмыс беруші біреуін жұмыстан шығарып, ауылдың өзге тұрғындарын жұмысқа тартып жатыр. Осылайша тұрғындарды өзара араздастыруға да тырысып жатыр" деді.

Сенбі күні Жетібай әкімдігінен ешкім шыққан жоқ. (Бүгін 16 желтоқсанда Қазақстанда жұмыс күні емес әрі сенбі болғандықтан әкімдік ішінде ешкім жоқ болуы да ықтимал). Іштегі кезекші әкім "көрші елдімекенге кеткенін" айтты.

12 желтоқсанда Қарақия аудандық соты жұмыс берушінің өтінішін орындап, ереуілді заңсыз деп таныған. Жұмысшылар сот шешіміне келіспейтінін айтты. Айтуларынша, сот шешімі олардың қатысуынсыз шығарылған.

Азаттық West Oil компаниясының басшыларынан түсініктеме сұраған. Алайда олар ереуілдің заңсыз екенін айтып, жұмысшылардың талаптары туралы айтудан бас тартқан.

Осыған дейін West Oil Software жұмысшыларының талабын Маңғыстаудағы өзге компаниялар: "БозащыТрансҚұрылыс" мен мұнай игеруді химияландыру кәсіпорнының жұмысшылары қолдады.

West Oil Software өз талаптарын былтыр қазанда да көтерген. Содан бері олардың еңбек дауы жалғасып келе жатыр.

"ҚазМұнайГаздың" еншілес кәсіпорны Oit Transport corporation ЖШС - 2002 жылы "Бозащы технологиялық транспорты", "Жетібай технологиялық транспорты", "Маңғыстау технологиялық транспорты" кәсіпорындары мен "Арай" кәсіпорнын біріктіру арқылы құрылған.

2018 жылы Бозащы технологиялық транспорт басқармасы "БозащыТрансҚұрылыс" және West Oil Software компанияарына сенімді басқаруға берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG