Accessibility links

Ресей әскері түнде Украинаға 20 дрон жіберді. Кемінде бір адам қаза болды


Жексенбіге қараған түні Ресей әскері тағы Украинаға дронмен шабуылдады. Украинаның әуе күштері 20 дрон және бір ракетаны атып түсірді. Одесса облысында атып түсірілген дрондардың бірі жеке үйге құлап, өрт шыққан. Бір адам – үй иесі қаза болған.

Украина күштерінің мәліметінше, әуе қорғанысы күштері 20 "Шахед" дронын жойған. Авиациядан басқарылатын Х-59 ракетасы атып түсірілген. Олар Мәскеу аннексиялап алған Қырым мен Украинаның Ресей жаулап алған Херсон облысынан ұшырылған, Украина әскері оларды Одесса, Херсон, Запорожье және Хмельницк облыстарында жойған.

Ресей қорғаныс министрлігі Ресей әуе қорғаныс жүйесі бір түнде Липецк, Ростов және Волгоград облыстарында 35 дронды атып түсіргенін хабарлады. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Әлеуметтік желіде Ростов облысы Морозовск қаласының төбесінде дрондар атып түсірілгені жөнінде видеолар пайда болды. Аймақ губернаторы Василий Голубевтің сөзінше, дрондардың "басым бөлігі" жойылған.

Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков Щебекин ауданында дрон шабуылының салдарынан бір адам жарақаттанғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, мал шаруашылығы фермасы атқылауға ұшырап, 12 сиыр өлген, қоражайлар бүлінген.

  • Ресей Украинаны күн сайын атқылап жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі тек әскери нысандарға соққы жасап жатқанын айтады. Ведомство бейбіт азаматтардың өлімі мен азаматтық инфрақұрылым нысандарының қирағаны жайлы ақпаратқа түсініктеме бермейді.
  • Ресейдің Украинамен шектесетін облыстары да жиі атқыланады. Ресей билігі оған Украина күштерін кінәлайды. Украина қарулы күштері әдетте ондай ақпараттарға түсініктеме бермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG