Accessibility links

Ақтөбенің Ырғыз ауданында оқушылар мінген көлік апатқа ұшырап, екі оқушы, бір мұғалім мерт болды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет


Бүгін Ақтөбе облысының Қызылжар ауылдық округіне қарасты Жаныс би ауылынан аудан орталығы Ырғыз кентіне бара жатқан 5 оқушы, 1 мұғалім мінген көлік жол апатына ұшыраған. Екі оқушы мен мұғалім қаза болған.

Жол апаты туралы ақпарат полицияға таңғы 8:45-те түскен. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметіне қарағанда сағат 8-30 шамасында Самара-Шымкент автожолы бойындағы Құрылыс ауылының тұсында, Ырғыз кентінен шамамен 50 шақырым жерде оқушылар мінген "Toyota" автокөлігі мен "Volvo" жүк көлігі соқтығысқан. "Toyota" автокөлігіндегі мұғалім мен екі оқушы өлген.

Көлікте жолаушы ретінде 2007 жылы, 2008 жылы және 2009 жылы туған бес оқушы және бір мұғалім отырған. Олар республикалық пән олимпиадасының аудандық кезеңіне қатысу үшін көлікті жалдап алған.

Екі оқушы мен мұғалімнің қаза болғанын Ақтөбе облыстық білім басқармасы да растады.

Ырғыз аудандық ауруханасының бас дәрігері Жандос Дербістің сөзінше, жол апатынан аман қалған үш оқушы аудан орталығына жеткізілген. "Миы шайқалған, жырылған, көгерген жерлері бар, сүйектері аман" деді ол.

Аты-жөнін атамауды өтінген ауыл мұғалімдерінің Азаттық тілшісіне айтуына қарағанда, аудан орталығы - Ырғыздағы гимназиядан өзге мектептерде оқушылар автобусы жоқ. Сондықтан бұған дейін аудан мектептері пән олимпиадасына полиция бастаған автобуспен барып көрмеген. Олардың сөзінше "олимпиадаға апаратын көлікті мұғалім табуға, оқушылар жолақысын өз қалтасынан төлеуге тиіс. Кейін бюджет ақшасы түскен соң мектеп балаларға жолақысын қайтарады".

Былтыр, 2022 жылы 17 желтоқсанда да Ақтөбе облысында осыған ұқсас жол апаты болған еді. Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Нұрбек Жұмакешов оқушыларды жарысқа жеке көлігімен алып шығып, жол апатына ұшыраған. Көлікте 9 оқушы мен жаттықтырушы болған. Бір оқушы өліп, төрт бала мен жаттықтырушы ауыр жараланған.

Биыл 11 тамызда Ақтөбе соты Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Нұрбек Жұмакешовті 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған.

Тергеу органдары Жұмакешовті "абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол жүру ережесін бұзды" (ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі) деп айыптаған.

Ақтөбе облыстық спорт басқармасы волейболшы балалар апатқа ұшыраған соң балалар мен жасөспірімдерге арналған 38 мектептің тоғызында ғана автобус бар деп ақпарат таратқан болатын. Облыс жаттықтырушылары жарысқа үнемі такси жалдап жететінін айтқан.

Жол апатынан сегіз ай өткеннен кейін Темір аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне екі автобус бөлінетін болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG