Accessibility links

"Жағдай қиын". Украина құрлық әскерінің қолбасшысы шығыста Ресей шабуылды үдеткенін айтады


Бахмут маңында шайқасып жатқан украиналық солдат. 15 желтоқсан 2023 жыл.
Бахмут маңында шайқасып жатқан украиналық солдат. 15 желтоқсан 2023 жыл.

Ресей әскері Купянск, Лиман және Бахмут бағытында шабуылға шығып, Донецк пен Харьков облыстарында жаңа елдімекендерді басып алуға тырысып жатыр. Бұл туралы Украина қарулы күштері құрлық әскерінің қолбасшысы Александр Сырский телеграмда жазды.

Ол бұл бағыттарда "қазір жағдай ауыр" деп бағалады. Сырскийдің жазуынша, Ресей негізгі күшті Бахмут маңында жұмсап жатыр.

"Жауымыз қару жағынан да, солдат саны бойынша да басым. Біз осы жағдайда соғысуға мәжбүрміз" деп жазды ол.

Украина генералы Ресей әскері көп шығынға ұшырап жатқанын да айтады.

"Бахмутқа шабуылға Ресей шайқасуға қауқарлы десанттарды, теңіз әскерін және сотталғандардан құрылған "Шторм Z" және "Шторм V" батальонын қолданып жатыр" деп жазды генерал.

Сырский Ресей "Часов Яр, Константиновка, Дружковка, Славянск, Краматорск елдімекендерін алу арқылы Донецк облысының шекарасына шығуды көздейді" дейді.

Бұған қоса Ресей Луганск облысындағы Макеевка бағыты мен Купянск бағытына (Харьков облысы) да шабуылдап жатыр.

Мамырда Бахмутты "Вагнер" жеке әскері басып алды деген ақпарат тараған. Кейін Украина әскері Бахмут маңында алға жылжығаны хабарланған. Қазір мұнда Ресей қайта шабуылды үдеткені айтыла бастады.

Украина қарулы күштерінің бас штабы да, Ресей қорғаныс министрлігі де кейінгі шайқастар жайлы ресми мәлімдеме жасамады. Ресей әскері қазан айынан бері Авдеевкаға шабуылды үдеткен. Бірақ, Сырскийдің жазуынша, қазір Ресей Бахмутқа көп күш салып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG