Қырғыз парламенті мемлекеттік туға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын 20 желтоқсанда талқылау өткізбестен екінші және үшінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасын депутаттардың 59-ы қолдап, бесеуі қарсы дауыс берді. Президент қол қойса, заң күшіне енеді.
Қырғызстан туын өзгерту жөнінде ұсыныс жасағандар "тудағы түңліктің айналасынан шығып тұрған күн шапағы күнбағысқа ұқсайтынын" алға тартқан. Туды өзгертуді Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та қолдаған.
16 желтоқсанда халық құрылтайы кезінде Жапаров Қырғызстан туын өзгерту идеясын алғаш өзі ұсынғанын жеткізген.
Жогорку кеңеш Қырғызстан туын өзгерту туралы заң жобасын бірінші оқылымда 29 қарашада қабылдаған. Бастаманы депутаттардың 66-ы қолдап дауыс берсе, сегізі қарсы болған.
Қырғызстан туы ретінде ұсынылған жаңа эскиз қоғамның қызу талқысына түскен. Әлеуметтік желі қолданушылар арасында қазіргі туды өзгертуге қарсылар шығып, депутаттар маңыздырақ шаруамен айналысқаны жөн деп сынаған. Туды өзгертуге қарсылар Change.org сайтында қол да жинай бастаған.