Accessibility links

Колорадо соты Трамптың президенттікке үміткерлігіне тыйым салды


Дональд Трамп Нью-Гемпширдегі сайлауалды митингіде. 11 қараша 2023 жыл.
Дональд Трамп Нью-Гемпширдегі сайлауалды митингіде. 11 қараша 2023 жыл.

АҚШ-та Колорадо штатының Жоғарғы соты Дональд Трампты президенттікке үміткер ретінде қабылдаудан бас тартып, оның аты-жөнін штаттың сайлау бюллетеніне енгізуге тыйым салды.

Сот мұндай шешімін Трамптың 2021 жылғы 6 қаңтардағы оқиғаға қатысы болғанымен түсіндірді. Сол кезде Трамптың жақтастары Конгресс ғимаратына басып кіріп, Джо Байден жеңіске жеткен президент сайлауы нәтижесін бекітуге кедергі жасамақ болған.

Сот шешімі шығардан бұрын Колорадода бір топ сайлаушы сотқа арызданып, 2024 жылы өтетін президент сайлауына бұрынғы президент Дональд Трамптың қатысуға құқығы жоқ деп мәлімдеген.

Колорадоның төменгі инстанциядағы соты арызда қанағаттандырмаған. Алайда штаттың Жоғарғы соты Конституцияны бұлай талқылауға келіспеген. «Президент Трамп билікті бейбіт түрде тапсыруға кедергі келтіру мақсатында заңсыз акциялар мен озбырлыққа қасақана жол берген» деп жазылған сот шешімінде. Сот шешімі 4 қаңтарда күшіне енеді. Сол уақытқа дейін Дональд Трамп бұл шешімге елдің Жоғарғы сотына шағымдана алады.

Дональд Трамп штабының өкілдері Колорадо сотының шешімін сынап, оған қарсы шағым түсіретінін мәлімдеді.

Бұның алдында тағы екі штат Дональд Трампты сайлау науқанынан шеттетуге талпынған, бірақ жергілікті соттар қолдамаған. Мичиган Жоғарғы соты да Дональд Трампқа қарсы арызды қарап жатыр.

XS
SM
MD
LG