Қостанайда жылу құбырлары жарылып, соның салдарынан 42 тұрғын үй, бір мектеп пен әуежай ғимараттары жылусыз қалды, деп хабарлады "Наша газета" сайты.
Ақпаратқа қарағанда, "Әуежай" ықшам ауданындағы жылу құбырлары жарылған. "Қостанай жылу энергетикалық компаниясы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның баспасөз қызметінің хабарлауынша, құбырларды жөндеу кезінде компания ықшамаудандағы жылу желілерін өшіруге мәжбүр болады.
Жөндеу жұмыстары 20 желтоқсанда жүргізіледі. 42 тұрғын үй мен бір мектеп, халықаралық әуежай ғимараттарында сағат 12:00 мен 20:00 аралығында жылу болмайды.
Бұған қоса, Қостанайдың тағы екі ауданында жылу құбырлары жарылған. Соның салдарынан 80 тұрғын үйде 20 желтоқсан кешке дейін жылу болмайтыны хабарланды.
Энергетика министрлігі сәрсенбі күні түстен кейін "қалада магистральдық жылу желісіндегі кішігірім ақауларды жою бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр" деп хабарлады.
"Жөндеу жұмыстары сағат 17.00-ге дейін аяқталады. Әкімдіктің хабарлауынша, бұл жұмыстар қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуге әсер етпейді" деп жазылған ведомство хабарламасында. Бұған дейін Қостанай әкімі Марат Жүндібаев та жылу жүйесінің тоқтағаны жөнінде ақпаратты жоққа шығарған еді.
Қыс басталғалы бері Қазақстанның түрлі өңірінде жылу электр орталықтарында ақау жиі болып жатыр. Жуырда Жезқазған қаласында жылу электр орталығында бірнеше қазандық істен шыққан. Бұған дейін Кентау қаласында да боранның салдарынан электр энергиясы өшірілген. Энергетика министрлігі Жезқазған және Кентау жылу электр орталықтарында қазандықтар іске қосылғанын хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, қазір республика бойынша 8 энергоблок, 43 қазандық, 43 турбина жөнделген. Ведомство көмір қорын 4,9 млн тонна деп бағалайды. Барлық жылу электр орталықтарында отын қоры бар деп мәлімдеді.