Accessibility links

Жетісай соты "мектепте ақша жиналды" дегені үшін сотқа тартылған мектеп қызметкерлерінің ісін тоқтатты


Generic -- Wooden gavel, court, justice
Generic -- Wooden gavel, court, justice

20 желтоқсанда Түркістан облысы Жетісай аудандық соты Әл-Фараби атындағы №12 мектептің директорының орынбасарын "пара сұрады" деген осы мектептің үш қызметкері мен олардың мәлімдемесін Facebook парақшасында жариялаған шымкенттік мұғалім Өмір Шыныбекұлының үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Шыныбекұлының адвокаты соттан ақтау үкімін шығаруды талап етті.

Әл-Фараби атындағы №12 мектептің кіші қызметкері Бағила Бегіндікова, Дилара Пернеқұлова және мұғалім Замира Құдайбергеновамен олардың шағымын әлеуметтік желіге жариялаған Өмір Шыныбекұлының үстінен осы мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Ұлжан Кенжебаева арызданған.

Мектеп қызметкерлері директордың орынбасары "жарты ставка жүктемесін толықтырып беруі үшін пара сұрады" деген сияқты мектептегі бірнеше заңсыздықты атап көрсеткен және құзырлы органдарға шағымданған. Мұны мектеп директорының орынбасары "Қорлау" деп сотқа арызданған.

Сот істі қарай бастағанда Кенжебаева мұғалім Құдайбергеноваға қатысты арызын қайтарып алатынын мәлімдеген. Құдайбергенова Кенжебаеваның сотқа сүйрегенін түсінбейтінін айтып, бұл істің өз денсаулығына кері әсер еткенін атаған. Судья Кенжебаеваға дәлелдемелер әкелу керек екенін айтқаннан соң көп өтпей ол істі тоқтату туралы арыз түсірді. Бұған айыпталушы Өмір Шыныбекұлының адвокаты қарсы шықты. Соттан істі соңына дейін қарауды және ақтау үкімін шығаруды талап етті. Судья Қылмыстық кодекстің "Қорлау" бабымен түскен істі қарауды тоқтату туралы қаулы шығарды.

Өмір Шыныбекұлының сот қаулысына апелляциялық шағым түсіретіні не түсірмейтіні белгісіз.

Бұған дейін №12 мектеп директорының орынбасары Ұлжан Кенжебаева мектептің кіші қызметкерлері Бағила Бегіндікова, Дилара Пернеқұлованың үстінен Әкімшілік кодекстің "Жала жабу" бабымен арызданған.

Ол кезде аудандық сот мектеп қызметкерлері мен мұғалімнің іс-әрекетінде жала жабу, көрінеу жалған мәлімет тарату әрекеті жоқ, заң шеңберінде құқығын қорғау үшін тиісті органга жүгінді деп санап істі тоқтату туралы қаулы шығарған.

Сот ол кезде бұл жәбірленушілердің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, беделін түсіретін мәлімет емес деген. Себебін Конституциядағы сөз бен шығармашылық еркіндігімен байланыстырған. Еркін ақпарат алу және таратуға әркімнің құқығы бар екенін ескерткен.

Қазақстанда мұғалімдер мектепте заңсыз ақша жинайтынына жиі шағымданады. Ол жайлы тіс жарған мұғалімдер кейде қысымға ұшырап жатады. Бірнеше жыл бұрын Шымкент қаласында "жөнсіз ақша жинаудан" шаршаған бірнеше мұғалім Facebook әлеуметтік желісінде шағымданып, пост жазған. Кейінірек 125-мектептің директоры мен қарамағандағы қызметкер қызметінен босатылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG