Accessibility links

Министр: Жанама санкция салынған қазақстандық компания жоқ


Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров (оң жақта)
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров (оң жақта)

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда Батыстың жанама санкциясына ілінген істеп тұрған бірде-бір компания жоқ деп мәлімдеді.

"Бұл тұрғыда тазамыз" деді 20 желтоқсанда Астанадағы брифингте журналистердің сұрақтарына жауап берген Қуантыров.

7 желтоқсанда АҚШ сауда министрлігіне қарасты өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросы әлемнің 9 мемлекетіндегі 44 компанияны "жауапсыз ұйымдар" тізіміне енгізген, арасында қазақстандық Elem Group компаниясы да бар.

Ведомство өкілдерінің болжамынша, аталған қазақстандық компания тыйым салынған өнім немесе технология түрлерін Ресейге жіберген болуы мүмкін.

Азаттық маусым айындағы зерттеуінде, Elem Group Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше аптадан соң Қазақстанда тіркелгенін жазған. 2023 жылы қаңтардан бастап Elem Group ресейлік компанияларға электроника өнімдерінің кемінде 300 партиясын жеткізген. 273 партияда қос мақсатта пайдаланылуы мүмкін тауарлар болған.

19 желтоқсанда Қазақстан ұлттық экономика министрлігі Elem Group "сыртқы саудамен айналыспайды" деп мәлімдеген. Министрліктің айтуынша, "АҚШ сауда министрлігінің санкциясына ілінген компаниялар қызметін жалғастыра алады, тек америкалық контрагенттермен жұмыс істемейді" деген.

АҚШ қаржы министрлігінің шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы бұған дейін санкция тізімінде ресейлік екі банкке еншілес екі қазақстандық компания барын да атап өткен. Бірі санкция енгізілгеннен кейін де нарықта жұмысын тоқтатпаған. Қаржы нарығын реттеу жөніндегі агенттік аталған қаржы ұйымы теңге мен рубльмен істеп жатқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG