Accessibility links

Иранда "күйеуін өлтірді" деп айыпталған әйел дарға асылды


Самира Сабзиан
Самира Сабзиан

20 желтоқсанда Иранда 29 жастағы Самира Сабзиан дарға асылды. Ол күйеуін өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген. 10 жыл түрмеде болған әйел сәрсенбі күні Ирандағы ең ірі түрмелердің бірі "Гезель Хесар" мекемесінде дарға асылды.

Өлім жазасы үкімінің орындалғанын штаб-пәтері Норвегияда орналасқан Ирандағы құқық қорғау тобы хабарлады. Самира Сабзиан биыл Иранда дарға асылған 18-әйел.

29 жастағы әйелдің өлімі жөнінде Иран билігі хабарламады.

Туыстарының айтуынша, Самира Сабзиан 15 жасында тұрмыс құрған және күйеуі оны жиі ұрған.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, қамауға алынған кезде оның екі баласы болған, бірі – нәресте. Кейінгі 10 жыл ішінде оған бір рет қана – желтоқсан басында дарға асу мерзіміне аз қалғанда балаларын көруге рұқсат етілген.

"Самира ұзақ жылдар бойы гендерлік апартеид, ерте неке және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен. Ал бүгін біліксіз, жемқор машинаның құрбанына айналды" деді ирандық құқық қорғау тобының жетекшісі Махмуд-Әмір Могаддам.

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы және бірқатар елдердің үкіметі жас ананың өмірін сақтау үшін күресіп, Иран билігімен келіссөз жүргізген, деп жазды BBC ақпарат агенттігі.

Иранның құқық қорғау ұйымдары халықаралық қауымдастықты Иран режиміне ықпал етуге үндеген.

Иранда дарға асылған әйелдердің үштен екісіне күйеулерін өлтірді деген айып тағылған. Иран заңы бойынша, зорлық-зомбылық көрсе де әйелдердің ажырасуға құқығы жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG