Accessibility links

ХАМАС бір аптаға атысты тоқтату туралы Израильдің ұсынысынан бас тартты


Газа секторындағы Израиль әскері
Газа секторындағы Израиль әскері

Палестиналық ХАМАС тобы (ЕО мен АҚШ-та "террористік ұйым" деп танылған) Израильдің Газа секторында әскери қимылдарды бір аптаға тоқтатып, 40 шақты тұтқынды босату туралы ұсынысынан бас тартты. Бұл жөнінде Египет шенеуніктеріне сүйенген The Wall Street Journal басылымы жазды.

Египет пен Катар Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздерге ара ағайын болып жүр.

20 желтоқсанда ХАМАС жетекшілерінің бірі Исмаил Хания Каирде Египет билігі өкілдерімен келіссөз кезінде Газа секторында гуманитарлық үзіліс мүмкіндігі туралы айтқан. Алайда басылым дереккөзінің айтуынша, келіссөз нәтижесіз аяқталған.

Басылым дереккөзінің айтуынша, Израиль ХАМАС 7 қазанда кепілдікке алған 40 тұтқынды босатуға күш салған. Есесіне Газа секторында бір апта құрлық және әуе операциясын тоқтатуды ұсынған.

ХАМАС делегаттары тараптар арасындағы келіссөзге көмектескен Египеттегі ресми тұлғаларға "келісім жөнінде айтпас бұрын Израиль ең әуелі Газа секторына шабуылын тоқтатып, ол жақтан әскерін әкетуге тиіс" деген. Бұған қоса, ХАМАС егер Израиль өз азаматтарының тұтқыннан босатылғанын қаласа, түрмедегі палестиналық тұтқындарды босатуға тиіс деген. Ал Израиль бұған келіспеген. WSJ ақпаратынша, Израиль жағы Газа секторында әскери операцияларын тоқтатпайды деп мәлімдеген.

  • ХАМАС содырларының шабуылынан 1200-ден астам израильдік қаза болған Басым бөлігі – бейбіт тұрғындар. 240 адам кепілдікке алынған.
  • Қараша соңында жасалған алдыңғы келісім кезінде ХАМАС содырлары 105 азаматты босатқан. Арасында шетел азаматтары да бар. Израиль түрмеден 210 палестиналықты босатқан.
XS
SM
MD
LG