Accessibility links

Түркіменстанда кәсіпорындарда бірнеше айдан бері жалақы кешіктіріліп жатыр


Түркіменстанның Балкан облысындағы бірнеше мемлекеттік кәсіпорынның жұмысшылары 4-5 айдан бері жалақы ала алмай келеді. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.

150-ге жуық адам істейтін кемелерді жөндейтін "Балкан" кәсіпорнының жұмысшылары барлық міндеттемелерін атқарғанына қарамастан, бес айдан бері айлық берілмей жатқанын жеткізді.

Бұдан бөлек балық консервісін өндіретін "Хазар Балык" кәсіпорнының жұмысшылары да төрт айдан бері айлық ала алмай келе жатқанын айтады.

Жұмысшылардың айтуынша, соңғы екі жылдың ішінде жұмыс орындары қысқарып, өндіріс азайған. Бұрын кәсіпорында 500-ден астам адам істесе, қазір олардың саны 250-ге жетпейді.

Сонымен бірге Түркіменбашы қаласының автопаркінде жұмыс істейтін жұмысшылар да тамыз айынан бері айлық алмаған.

"Таксистер, механиктер және автобус жүргізушілері төрт айдан бері жалақысыз істеп жатыр. Олар жоқ дегенде Жаңа жыл мерекесі алдында ақша аламыз ба деп үміттенеді", - деді кәсіпорын жұмысшыларының бірі.

Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын жұмысшыларына айлықты өз уақытында беру мәселесін ел президенті Сердар Бердімұхамедов үкіметтің 18 желтоқсандағы жиынында көтерген.

Батыс өңірдегі мемлекеттік кәсіпорындарда жалақының кешігуі елде көптен бері жалғасып келе жатқан экономикалық мәселелер тұсында хабарланды. Мемлекет бюджетінің 70-80 пайызы табиғи газ сатудан түскен қаржыдан құралатын Түркіменстанда жалақыны кешіктіру жиі кездеседі. Бірақ Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдарында бұл мәселе айтылмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG