Accessibility links

СІМ: Прагадағы университетке шабуылдан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ


Прагадағы Карлов университетіне шабуылдан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. 22 желтоқсанда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осылай деп мәлімдеді.

"Чехия билігінің алдын ала мәліметі бойынша, қаза болғандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ" деді Айбек Смадияров.

21 желтоқсанда кешке Прагадағы Карлов университетінің философия факультетінің корпусында бір адам айналасындағыларға қарумен шабуыл жасап, соның салдарынан кемінде 15 адам қаза болған. Ондаған адам жараланған, 9-ының жағдайы ауыр екені хабарланды. Күдікті өлген. Алдын ала ақпарат бойынша, оқ атқан адам – Карлов университетінің 24 жастағы студенті. "Чех радиосының" тілшісі Ондржей Соукуптың хабарлауынша, ол "әкесін өлтіргенін, енді өзгелерді де жер жастандыратынын" айтып айқайлаған.

Атыс бейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 15 шамасында басталған. Полиция шабуыл жөнінде алдын ала білген, алайда оқу орнының өзге корпусын тексерген. Университет қызметкерлеріне ғимаратта қаруы бар мерген жүруі мүмкін екені ескертіліп, сыныптарды іліп отыруларын айтқан.

Оқиға орнына ішкі істер министрі Вит Ракушан барған. Философия факультеті орналасқан аумақ әлі де қоршалып тұр деп айтылады.

Чехияда 2021 жылдан бері азаматтардың қару ұстап жүрулеріне құқығы бар. Еуроодақ қару-жараққа қатысты заңды қатайтуды талап еткеннен кейін Конституцияға түзетулер енгізілген. Дегенмен елде тіркелген қару-жарақтардың саны көп емес: 2022 жылы 989 348 қару тіркелген. Чехияда 10,5 млн адам тұрады.

Прага әлемдегі ең қауіпсіз қалалардың бірі саналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG