Accessibility links

Алматыда тұрғындар жолды жауып, жылумен қамтамасыз етуді талап етті


Жылу құбырларын жөндеп жүрген жұмысшы. Көрнекі сурет.
Жылу құбырларын жөндеп жүрген жұмысшы. Көрнекі сурет.

Алматыда "Корпорация Арт Медиа" компаниясы салған River Park кешенінің ондаған тұрғыны пәтерлерінде жылу жоқтығына шағымданды. Сенбі күні олар Мақатаев көшесін жауып, жылумен қамтамасыз етуді талап етті. Бұл жөнінде "Алматыны қорғайық" қозғалысының белсендісі Салтанат Тәшімова сенбі күнгі тікелей эфир кезінде хабарлады, деп жазды "Власть" сайты.

"Жылу беріңіздер, екінші жылу пунктін талап етеміз. Пәтерімізде 13 градусты көрсетіп тұр" деді тұрғындар.

Тұрғындардың сөзінше, екі блокқа ғана арналған жылу пунктіне қазір 3 және 4-блок та қосылған, олардың аумағы алғашқы екеуінен де үлкен.

Тұрғындар бұған дейін қала құрылысын басқару басқармасына үндеу жасаған, басқарма құрылыс компаниясын сотқа берген. Олар тікелей эфир кезінде құрылыс компаниясын ақауларды түзеуге міндеттеген сот шешімін де көрсеткен.

"Біздің үйлеріміз газбен жылытылады деп жоспарланған, бірақ әзірге газ қосылған жоқ. Егер қазір электр құрылғыларын қоса бастасақ, онда электр желісіне салмақ түседі" деді тұрғындардың бірі.

Олардың сөзінше, аяз күш алған кезде кейбір тұрғындар туыстарын сағалап кеткен, ал кейбірінің барар жері жоқ.

"Власть" сайтының жазуынша, оқиға орнына прокуратура өкілдері мен полиция келіп, тұрғындардан тарауды талап еткен. Алайда наразылар Алматы әкімі Ерболат Досаевтың келуін талап еткен.

Аталған тұрғын үй кешені орталық саябаққа жақын орналасқан.

"Корпорация Арт Медиа" әзірге түсініктеме берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG